Асқар үнсіз күйі кемпірді алға жіберіп, кіре бере айналып өтіп, жоғары асықты. Қара дермантинмен қапталған есік сәл ашылып тұр екен. Есіктің ішінен арақ аралас сасық иіс мүңкіді. Асқар енді сәл ойланып қалды. Астыңғы қабаттан кемпірдің басқан қадамының тықырын естіді де, есікті итеріп, ішке енді. Бос дәлізден өтіп, Дәу досы кабинет деп атайтын үлкен бөлмеге кірді. Ішіне кір мен шаң басқан балконның бұлдыр терезесінен күннің жарығы түсіп тұр екен. Бөлменің ортасындағы үлкен үстел кітаптар мен журналдарға толы. Олардың үстінде сызба қағаздар үйіліп жатыр. Үстелдің шаң мен қоқым басқан бір шетінде темекі тұқылдарына арналған қалбыр тұр. Айналасында – бірнеше қисайған орындық. Диванның үстінен құсық иісі шығады. Асқар мұрнын қол орамалымен жауып, балконға жақындап, есігін ашты. Сыртқа шығып, демін басты. Төменде әрлі-берлі жүрген жүргізушісін көрді.
Балконда біраз тұрған Асқар бөлмеге оралып, шығуға бет алды. «Дәуке бұл пәтерде енді тұрмайды екен» деген ойға бекінгені сол еді, шығаберіс қабырғадағы таныс фотосуретті байқады: ата-анасымен бірге ыржиып тұрған кішкентай Дәуке. Кенет:
– Бұл кім? Толян сен бе? – деген таныс дауыс естілді. Асқар жүріп барып, оң жақтағы есікті ашты. Темір кереуетте трико киген ер адам жатыр.
– Асқарик? – Дәулет кереуеттен секіріп тұрды. Азып кеткен түріне қарамай, әлі де шымыр денесін сақтап қалыпты.
– Дәуке, сәлем! – деді Асқар, қолын созып.
– Асқар, сен қайдан жүрсің? – деп, қол алысқан күйі Дәулет көзін тайдырып әкетті.
– Бір жұмыспен келгенмін, саған амандаса кетейін деп кірдім.
– Пойыздан түстің бе? – деп сұрады Дәулет, қолына мыж-мыж қораптан сигарет алып.
– Жоқ, көлікпен келдік.
– Сен жалғыз емессің бе? Асүйге өтіңдер, қазір шай қоямын.
– Жоқ, бауырым, жұмысым көп, амандасуға кірдім, кейінірек хабарласайық.
– Телефоныңды айтшы, мен жазып алайын. Мұнда қанша уақыт боласың? – Дәулет қалам іздеп әбігерге түсті.
– Әзірге білмеймін, бір-екі күн болар. Саған өзім қоңырау шаламын.
– Үй телефоныма хабарлас, мен үйдемін. – Дәулет қолымен қызыл телефонды меңзеді.
– Нөмірің бар, екі жүз жиырма үштен басталады, – деді Асқар, смартфонына қарап.
– Дәл солай, міндетті түрде хабарлас, – деді Дәулет, досының көзіне қадалып.
Асқар шығып бара жатып қайта бұрылып келіп, досын құшақтай алды. Сосын тез шығып кетті.
Асқар баспалдақтан жүгіре түсіп, Болатқа көлікті оталдыр деген белгі берді.
– Қонақүйге тарт, – деді, көлікке отыра бере.
Көлік ішінде тынымсыз шырылдай бастаған телефонын қалтасынан алып, дисплейіне қарады да, жауап берді:
– Мама, қайырлы таң! Қалайсыз?
– Бәрі жақсы, балам, өзің қалайсың?
– Алматыға жеттік, қонақүйге бара жатырмын.
– Дәулетке кіріп шықпайсың ба?
– Кірдім, мама.
– Жөн. Аман-есен бе екен?
– Нашар екен, ішіп кетіпті, үйі кір-қоқыс.
– Сен, балам, оған жәрдем көрсет. Оның ешкімі жоқ. Атасы жақсы адам еді, иманды болғыр! Сенің әкеңді абақтыдан алып қалған – сол кісі. Әлихан нағашың кіріскісі де келмеген.
– Жарайды, мама, бір нәрсе ойластырармын. Әкеме сәлем де.
– Жолың болсын! Балам, Әлиханға көп сене берме. Өз пайдасы болмаса, ол саусағын да қозғалтпайды.
Қонақүйде Асқар шешініп, бірден жуынатын бөлмеге кірді. Салқын суға шайынып, Дәулеттің үйінде көргенінен тазаланғандай болды. Одан шығып, Әлихан нағашысына қоңырау шалды.
– Әй, кім дейсің? Хадишаның баласымын деймісің? Білемін оны. Ақылды әрі сұлу, біздің тұқым ғой. Тек тұрмысқа қайыршы біреуге шықты. Хал-жағдайы қалай?
Асқар бұл сөзден кейін әңгімені тоқтата салғысы келсе де, шыдап бақты. Шал қызметте болмаса да, баласы Астанада министрлікте отыр.
– Бәрі жақсы, Әлихан нағашы. Баяғыша мамам ауылда музыка мектебінде сабақ береді.
– Бәрі жақсы болғаны дұрыс. Ал өзің немен айналысасың?
– Мен Қарағандыда тұрамын. Бизнеспен айналысамын, облыста фермерлікті дамытып жүрмін. Жақында депутаттық сайлауға түстім.
– Депутат? – Әлихан қарқылдап күліп алды. – Ойна, бала, қызыл арақпен!
– Әлихан нағашы, мен қазір Алматыдамын, сізбен кездесейін деп едім…
– Жарайды, үйге кел, депутат. Мекенжайымызды білесің бе?
– Нақты білмеймін, Науаи көшесі ме еді?
Асқар нағашысының мекенжайын жазып алып, әңгімесін аяқтап, сағатына қарады. Таңғы асқа барғысы жоқ. Әлихан нағашысы түскі асқа шақырған. Асқар үлкен кереуетке құлай кетіп, теледидарды қосты. Біраздан соң ұйықтап кетті.
Дәулет бөлмесіне Асқардың көзімен қарады. Бір аяғы жоқ қисайған шкаф, темір кереует… Қисық ілініп, кірге боялған перде. Жоқ, Асқар енді хабарласпайды, тек әдептілік үшін айтты. Әлде аяғаны ма? Құшақтап қоштасты…
– Дәулет! Қайдасың? Ұйықтап жатырсың ба? – Бөлмеге Толян кірді. Қолында сары қапшық.
– Жаңа біреу баспалдақта алдымнан қарғып шығып, қағып кете жаздады. Байқап жүр деп едім, алайып қарағанын көрсең! Бізді адам деп санамайтын әкімнің орынбасарына ұқсайтын бір боққарын.
– Ол – Асқар, менің досым.
– Қой, біздің ондай досымыз жоқ, ондайдан аулақ жүр, – деді Толян. – Одан да кел, бас жазайық. – Ол сары қапшықтан кішкене шөлмектегі арақты шығарды.
– Жоқ! – Дәулет тіке қайырды. Толян шошығанынан есікке қарай ығысты.