Асқар өзінің бірінші үйлену тойын есіне алды. Ол тойын қаланың мықтыларымен танысуға пайдаланып еді. Бірталай ақшасын шетел жұлдыздарын шақыруға шашты. Ақшасы жеткілікті болса да, сол жолы ескі танысы Мәкеңе бірер миллионын қайтармай қойып еді. Мәкең оны көп мазаламады, екі рет қоңырау шалды да қойды. Міне, енді арада жеті жыл өткен соң сол болған істі қолына алып, қысым көрсетіп жатыр. Телефон арқылы Асқардың бір кәсіпкерге қоқан-лоқы көрсетпек болған әңгімесін жазғызып алыпты. Мәкеңе қазір ақша керек емес, қала мен облыс полициясында өз адамдарының болғаны керек. Асқар болса депутаттық мандат алғаннан кейін өзіне барлық жағынан қолдау болғанын қалайды. Сол үшін Асқар енді генерал Марқаевқа келе жатыр. Ол әлдеқашан істен кеткен. Бірақ әлі де беделі бар, баласы Астанада үлкен қызмет істейді.

Ойына әлдене түсті ме, кенет Асқар қалтасын тексеріп, телефонын іздей бастады.

– Не іздедіңіз? – деп сұрады жүргізушісі.

– Телефоным…

– Мұнда, сіз қуаттандыруға қой дегенсіз, – деп, Болат бастығына телефонын ұсынды. Телефонының дыбыссыз режімде қалғанын көрген Асқар:

– Дыбысын өшіріп қойғаның не? Қаншама қоңырау жауапсыз қалыпты, – деп ашуын үдете түсті де, байланысқандардың бәрі тынымсыз кредиторлары ғана екенін көріп, көңілі орнына түсті.

Асқардың кредит беріп, борышкер атандырған, яки өзі қарыз беріп, біреуді кіріптар еткен жайы да баршылық. Ақша үнемі қозғалыста, келеді-кетеді, бәрін қадағалай алмайды. Таяуда Араб Әмірліктерінен институтта бірге оқыған Талғат деген досы іздеп келіп, қарызын қайтарды. Асқар ол туралы ұмытып та кеткен екен. Талғат ұмытпапты. Өзі біртүрлі өзгеріп кетіпті, арақ-темекіні тастаған, намазға жығылған, атын да өзгертіп алыпты. Асқарды да шариғатқа шақырды, бірақ аса қыстамады. Саясатқа бас ұрып жүргенде шариғат Асқардың не жөні?! Ауылға бір мешіт салып берсе, жетер, өзінің де беделіне жақсы. Әсіресе ата-анасы қатты қуанады. Бір ақша болғанда қолға алу керек екен деп шешті Асқар. Содан соң классикалық музыканы қосты да, қалғып кетті. Бір кезде:

– Асқар Кәріғұловиш! – деген дауыстан оянды. Болат артқы есікті ашып, ақырын оятып жатыр екен.

– Не болды?

– Полицей айыппұл саламыз дейді. Көлік сіздің атыңызда ғой.

– Жол тәртібін бұзып па едің?

– Сіз тезірек жүр деген соң жүзден асырып едім…

– Қай жердеміз?

– Алматыға кіреберісте.

Асқар көзін уқалап, терезеге қарады. Жол жиегінде жол полициясы көлігі, оның жанында полицей тұр. Асқар көліктен шығып, асықпай бойын жазып, қасына барды:

– Шеф, не болды?

– Майор Смирнов. Құжаттарыңызды көрсетіңіз.

– Құжат орнында ғой. Генерал бастықтарыңа асығып бара жатыр едім, – деді Асқар, құжаттарын беріп жатып.

– Сақтандыру полисіңіз бар ма?

– Қазір. – Асқар қоңырау шалудың қамына кірісті де, сәлден соң тұтқаға:

– Ассалаумағалейкүм, Сәке! Мені Алматыға кіреберісте жол полициясы тоқтатып тұр, – деп, телефонды майорға ұстата салды.

Майор үнсіз тыңдады да, телефонды қайтарып берді. Сосын Асқарға:

– Мониторға түскен бейнені өшіре алмаймын, айыппұл қағазы мекенжайыңызға келеді, – деп, құжаттарын ұсынды.

Асқар қарсылық білдіргісі келіп-ақ еді, бірақ бөтен қалаға келгені есіне түсіп, көлігіне оралды.

– Сен бар ғой, ақырын айда, бөтен қалада жүрміз, – деп Болатқа ескерту жасап алды.

– Айтқаныңыз болсын! – деді жүргізушісі.

Олар қалаға тура қарбалас уақытында келіп жетті. Райымбек даңғылымен Наурызбай батыр көшесіне бұрыла берісте кептелісте тұрды да қалды.

– Оң жақ қатарға шығып, бұрылып кет, – деді Асқар.

Болат үндемей, бастығының айтқанын істеді. Кішкенеден соң Асқар:

– Дәулет досыма жақындап қалдық, ол осыдан бір орам жерде тұрады, – деді.

Ұзамай-ақ олар түрлі көліктер толы үлкен аулаға кірді. Ауланың арғы бұрышынан шағын түрлі түсті балалар алаңы көрінді. Ағаш орындыққа бесікарба тербеген екі әйел жайғасыпты. Біреуі темекі шегіп отыр.

– Сіз ұзаққа кетесіз бе? – деп сұрады Болат.

Асқар көліктен шығып:

– Көрерміз, – деді.

– Мүмкін, мен бір жерден тамақтанып алармын?

– Көрерсің.

Асқар іздеген үйінің кіреберісіне келіп, домофонға қарап, қай пәтер екенін есіне түсіре алмай, аз-кем аялдады.

Артынан тақаған бір кемпір Асқарға алая қарап:

– Сіз кімге келдіңіз? – деді.

– Дәулетке келдім, ол екінші қабатта тұрады. Сіздің қандай жұмысыңыз бар еді? – деп Асқар оның сұрағына сұрақ ілестірді.

– Туысыңыз болар, шамасы? – деп күбірлеген кемпір кілтімен есікті аша берді.

Перейти на страницу:

Все книги серии Zerde Publishing

Нет соединения с сервером, попробуйте зайти чуть позже