– Демек, оған қарыздарсың, жалпаңдағаныңа қарағанда, – деді Дәулет.

– Иә, қарыздармын. Сен ұсақ-түйекшіл болғаныңа азаптансаң, мен сараңдығымнан жапа шектім. Оның ақшасын пайдаланып, енді төлей алмай жүрмін.

– Алтын көрсе, періште жолдан таяды. Оған не керек?

– Жай әншейін, фермада жұмыс істейтін адам керек дейді.

– Мен істей аламын, – деп қуанып кетті Дәулет. – Мені ешкім де, ештеңе де ұстап тұрған жоқ.

– Қойшы оны, егжей-тегжейін білген соң айтармын, көрерміз.

Асқар қолын бір сермеп, рюмкаларды толтырды.

– Есіңде болсын, мен фермада қуана-қуана істеймін, – деді Дәулет, – тек барлық жағдайды біліп берсең болды, мен дайынмын.

– Қойшы оны, одан да алып қояйық. Достық үшін!

– Давай! – Дәулет қағысып, арақты тартып салды. – Сен осы әйелің, балаларың туралы айтпадың ғой?

– Онымен айырылысып кеттім, басымды ауыртты… Ақымақ өзім, оған үйленіп нем бар еді?

– Балаларың ше?

– Сонымен тұрады. Мен ақшалай жәрдем беремін. Міне, қара. – Асқар қолына смартфонын алды. – Мынау – Шыңғыс, менің ұлым, кімге тартқан?

– Сенен айнымайды!

– Міне, қызым Мадина.

– Қызың да саған тартқан. Қалай дегенмен, жарайсың, достым! Балаларың бар, ал мен болсам әлі ойланып жүрмін…

– Ойланатын несі бар? Қыздар алтыншы сыныптан бастап сенің мойныңа асылатын. Аласың да, жасай саласың. – Асқар күліп алды.

– Оны қойшы. Мысалы, сенің балаларыңды, Шыңғыс пен Мадинаны алда не күтіп тұр?

– Мен ол жайында басымды қатырмаймын, болатыны болады да!

– Мен болсам оларды аяймын, тұтынушылық пен симулякрлардың құрбандары.

– Ол немене тағы?

– Біз құштар болған ұсақ-түйектер: қуыс кеуде, сырты жылтыр жұлдыздар я сүйікті гаджеттер дегендей.

– «Баунти – жұмақ рақаты» дегенді айтып тұрсың ба? Есі дұрыс адам ондайға сенбейді, біз оған бала кезімізде де күлетін едік қой.

– Біз ауылда өстік, сондықтан сенбейміз. Біздің көргеніміз қазіргі балалардың түсіне де кірмейді.

– Кірмесе, кірмей-ақ қойсын, одан да жақсылыққа сеніп жүре берсін. Балалар үшін алып қояйық, – деп, Асқар тоңазытқыштан тағы бір шөлмек арақ алып шықты.

– Балалар аман болсын! – деді Дәулет.

Телефон шырылдады, Асқар еңкейіп тұтқаны алды:

– Ас дайын? Әкеліңдер, күтіп қалдық!

– Ыстық астың алдында ішіп тастайық. – Дәулет арақ құйды.

– Балалар аман болсын! – деп қайталады Дәулет.

– Бүгінгі балалар басқа, смартфонға жабысқан, шыны керек, бәрі де сондай, – деп, Асқар ішіп салды.

– Ал мен жұмыстан шығып кеткен соң ызаланып, смартфонымды лақтырып жібердім! – деді Дәулет, арақтан бетін тыржитып.

– Бекер лақтырғансың, ыңғайлы ғой, керек ақпарат қолжетімді жерде.

– Мәселе сонда, ақпарат деген – нағыз симулякр, ал біз болсақ жасанды нәрсеге мәз болып жүргеніміз.

– Онсыз қалай тобырға әсер етесің? – деп сұрады Асқар.

– Көрдің бе, сен де біреуге әсер еткің келеді. Ал егер біреу сенің балаларыңды алдап, басын қатырып жатса, қайтесің?

– Бүгінгі таңда біреуден пайдасын асырғысы келмейтін адам шамалы. Олай болса, мен де пайдаланып қалайын.

Біреу есікті қақты.

– Ыстық ас келді, – деді Асқар. – Кіріңіз, ашық.

Басына ақ қалпақ киген жігіт бөлмеге нағыз тойдың иісі аңқыған тағамдарды алып кірді.

– Кеш жарық! – Ол ет салынған ыдыстың қақпағын ашып жіберді.

– Базар жоқ! – деп Дәулет тамсана дауыстады.

Жылқы мен қой еті аралас күйінде сорпаға бұқтырылған жұқа қамырдың бетіне салыныпты. Ең үстінде домалақтап кесілген күмістей пияз, алтындай қазы жарқырап жатыр. Даяшы кішкене ыдысты ашып, құрт пен көкөніс қосылған сорпаны сапырды да, екі кесеге құйды. Сорпаның иісі бөлмені жайлап кетті. Асқар рақаттанып, қарқ-қарқ күліп, қалтасынан жуан әмиянын шығарып, мың теңге алды да, даяшыға ұстатты.

– Астарыңыз дәмді болсын! – деп күлімсіреп, жігіт бөлмеден шығып кетті.

– Сонымен, сен жұмысыңнан неліктен шықтың? – деп сұрады Асқар, табақты үстелге қойып.

– Біреудің жандайшабы болғым келмеді.

Екеуі етті ыдыстарына салып алып, біраз уақыт үндемей жеп отырды. Сосын Асқар майлықпен аузы-қолын сүртіп, шөлмектен арақ құйды.

– Қайда жұмыс істедің? – Асқар Дәулеттің алдына рюмканы қойды.

– Халықаралық компанияда сатып алу бөлімін басқардым.

– Қойшы әрі! Ондай қызметтен кете ме екен? – деп таңғалды Асқар. – Сен сондай жұмыста жүріп, үйіңе жаңа жиһаз сатып алмағансың ба?

– Қойшы, сен де солар сияқты сайрамай! – Дәулет қағыстырып, ішіп алды да, тәрелкесіне тағы ет салды.

– Жарайды, ренжіме! Онда не үшін бардың ол жерге?

– Кездейсоқ шықты. Әуелі бір халықаралық жобаға қарапайым инженер болып кірдім. Кейін өзіңді жақсы жағыңнан көрсеттің деп, мені сайман сатып алу бөліміне ауыстырды. Ол жерде ағылшын тілін жетілдірдім. Кейін олар тағы бір еншілес кәсіпорын ашып, мені сатып алу ісін басқаруға тағайындады.

– Неге істей бермедің? Жалақысы да жақсы болған шығар?

– Ақшасы жақсы, оның үстіне іссапармен дүниежүзін араладым. Жылына екі рет шетелге демалысқа барып тұрдым. ОАР-да пингвиндерді көрдім, Гренландияда солтүстік шұғыласын тамашаладым, – деп жымиды Дәулет.

– Ең болмаса көлік, үйіңе жаңа жиһаз алмадың ба?

– Дүние – боқ, бүгін бар, ертең жоқ, – деп, Дәулет семіз қазыдан бір асап жеп алды.

– «Дүние қуған – ит» деп сенің атаң айтатын.

Перейти на страницу:

Все книги серии Zerde Publishing

Нет соединения с сервером, попробуйте зайти чуть позже