Жаңа жауған қар нұрынан жарқыраған түнде олар үйдің есігіне тақауға бата алмады. Есікті айналып, Қанаттың бөлмесіне жақындап, кезекпен ысқырысты. Терезедегі перде қозғалып, енсіз әйнектен Қанаттың беті көрінді. Ол қолын сермеп, қазір шығамын дегендей белгі берді.
– Сәлем, жігіттер! Кештетіп неғып жүрсіңдер? – деп сұрады далаға шығып, суықтан қалтыраған Қанат.
Аяғына калош, ішкиімінің үстіне жұқа, жыртық шапан іле сала жүгіріп шығыпты. Шапанының астынан қылтиған аппақ жіңішке аяқтары бүгіліп, қарға құлап кететіндей. Дәулет оған жақындап, сүйемелдегісі келгендей қолтығына қолын соза беріп еді, Қанат шошынғандай шетке ысырылды.
– Қалайсың, бауырым? – деп күңк етті Дәулет.
– Жаман емес. Мені сенің атаң құтқарып алып шыққанын мамам айтты, бірақ бұл әлі соңы емес. Менен аулақ жүріңдер, – деп күтпеген жерден батыл сөйледі Қанат.
– Кана, сонда сені не үшін қамады? – деп турасына көшті Асқар.
– Біреулер қылмыскерлерден есірткі ұрлапты, соны менің мойныма іліп жатыр. Болды, мен кеттім, сендер қайтыңдар! Бұдан былай келмеңдер, бұл қауіпті, – деді Қанат. Сосын бірнеше қадам жасап барып тоқтады да, бұрылып, екеуіне кезек-кезек көз тастады.
Дәулет бұған шыдамай, көзін тайдырып әкетті. Сөйткенше болған жоқ, Қанат қоянша ытқып, үйіне қарай жүгіре жөнелді.
– Ей, Кана, сен шынында бізден күдіктенесің бе? – деп қалды Асқар.
– Кебіс ұрлаған – бір кісі, күмәнді болар – мың кісі. Мұнда енді келмеңдер, – деп айғайлаған күйі Қанат үйінің есігін сықыр еткізіп ашты да, ішіне еніп кетті.
– Не деп қуып кетті? Өзі бірдеңе біле ме? – деп Асқар наразылана күңкілдей бастап еді, Дәулет оны тыйып тастады:
– Ақырын, доғар! Жындысың ба? Сен қазір ғана наша шегіп алдың! Қысқасы, бұл бәлені тастау керек.
Бірақ Асқар көнбей, Қанатты қайтадан шақырып алуға әрекеттенді. Дәулет оны әзер көндіріп, Қанаттың ауласынан алып кетті. Сосын Асқар айғайлап ән сала бастады:
Дәулет Асқарға қарап, жақында атасының одан күдіктенгенін есіне алды. Сонда атасы бұдан: «Көзің неге жанып тұр, ана досың екеуің шөп шеккеннен саусыңдар ма?» – деп сұраған.
Асқар екі сағаттан кейін ғана тынышталды. Осы арада екеуі аттарына мініп, ауылдың маңын аралап келді. Асқар сабырға келіп:
– Дәуке, олар бізді тауып ала ма екен? Бізді де қамауға ала ма? – деп сұрады.
– Білмеймін, бірақ нашаны қою керек, – деп жауап берді Дәулет.
– Кана біз туралы қайдан біледі, соны айтшы?
– Басты қатырмашы, білмейді ол ештеңе, – деді Дәулет.
– Онда кебіс ұрлаған деп неге айтты? Ол бірдеңе білсе, бізді сатып жібереді, құрыдық деп соны айт.
– Жүр, үйге кеттік. Әбден мазамды алдың. Ұйқым келді, – деп ашуланды Дәулет.
– Сен бара бер, мен біраз жүріп, өз-өзіме келейін, әйтпесе батя сезіп қояды.
– Жарайды, – деп, Дәулет үйіне қарай кетті.
Келесі күні бірінші сабақтан кейін оқушыларды үйлеріне қайтарды. Барлық мұғалімді ауданға шақыртыпты.
Жезөкшелердің есімдері Рита мен Айсұлу екен. Рита – аққұба, жап-жас, боянған қыз, ал Айсұлу – әдемі қараторы бойжеткен. Олардың есімдерін естіп, сыныптас қыздары естеріне түсіп, Дәулет пен Асқар қарқылдап күліп алды.
Айсұлу сегізінші сыныпта қаладан қөшіп келген. Бойы ұзын, жас қайыңдай майысқан қыздың жуан екі бұрымы басын артқа тартып, асқақ мүсінін айшықтап тұрғандай көрінетін. Ұзын кірпіктерімен көзін жасыратыны өзіне ерекше жарасады. Басқа қыздар қызарып, жыламсырайтын жағдайларда Айсұлу одан сайын тіктеліп, кірпігін төмен түсіріп, үндемей қалады. Дәулет пен Асқар оған бір көргеннен ғашық болып қалды. Ритка арқылы хат жазып жіберетін, сыйлықтар жолдайтын. Бір айдан соң Айсұлу Дәулетпен бірге киноға барды. Бұған көндігу Асқарға қиынға соқты. Екеуінің бірнеше рет төбелескені, біраз уақыт сөйлеспегені де бар. Бірақ жазда Айсұлу қалаға қайтып оралғанда екі дос қайта татуласты. Ендігәрі қызға бола шекіспейміз деп бір-біріне серт берді.
– Ритка, сенің жасың он сегізге толды ма? – деп сұрады Дәулет шолақ шалбар киген қыздан.
– Әрине, құжатымды көрсетейін бе? – деп өрескелдеу жауап берді қыз.
– Қойшы, басыңды қатырып қайтесің?! Бұл жерде бәрі менің қолымда. Одан да ұнайтынын таңдап ал, – деп, Асқар рюмкадағы арақты қағып салды.
Қыздар еріндерін ойнақы қозғалтып, Дәулетке қарай бұрылды.
– Жоға, керек емес! – деп ыңғайсызданған Дәулет қыздарға желкесін берді. – Сен онсыз да маған той жасадың. Қой, мұның артық енді!
Жезөкшелер сылаң етіп, Асқарға бұрылды.
– Сен не, бауырым, мені ренжіткің келе ме? Менің қонағымсың, таңда! – деп қайталады Асқар.
Дәулет қыздарға қарап:
– Бикештер, неге мұңайып қалдыңдар? Келіңдер дастарқанға, дәм татыңдар, не ішесіңдер? – деп әңгіме бастады.
– Не құйсаңдар, соны ішеміз, – деді Рита немқұрайды.
– Жоқ, сен әуелі таңда! – деп өрекпіді Асқар.
– Қоймадың ғой! Жарайды, Ритканы таңдаймын. Айсұлу менде болған, – деді Дәулет, аққұба қыздың қасына отырып.
– Сен нені меңзеп тұрсың? – деп кенеттен дауысын көтерді Асқар. – Қалайша сенде Айсұлу болған?
– Біз онымен жүріп едік қой мектепте, соны айтқаным ғой… – деді сасып қалған Дәулет.