– Мені сол сақтады, шетелдіктердің орнына жергілікті бастықтар келіп, шағыстырып арандатқанда, – деп мырс етті Дәулет, – менің пара алмайтыныма ешкім сенбеді. Жарты жыл тексерді, прокуратураны айтақтады, ал менде бәрі дұрыс. Сосын өзім кетуді ұйғардым. «Итпен жатқан битпен тұрады» дегендей, қайтемін оны? Компанияда ең көп ұрлаған кім екенін білесің бе?

– Бастықтар ма?

– Әрине, олар да сыбайлас.

– Кім?

– Басбух пен бас заңгер!

– Бұл жаңалық емес. Оны бәрі біледі.

– Онда айтшы, сенің балаларың мұндайға қалай бейімделеді? Қос стандартқа көндіге сала ма? Әрине, әрқашан да солай болған, бар мәселе осында! Адам деген – тойымсыз, қатыгез хайуан.

– Өнеге алатындар да бар ғой, мысалы, сенің атаң немесе менің анам.

– Міне, көрдің бе? Бір-екі адам. Мен бұрын жемқорлық бізден шыққан деп ойлайтынмын. Қайдағы! Бізде жаңа ғана басталып келе жатыр. Дамыған елдердегі деңгейін көрсең! Ойлап көрші, еуропалық тамақтандыру компаниясы бізде жұмыс істейді, аспаздарын, әкімшілігін тегіс алып келеді. Тек ыдыс пен еден жуушылар ғана – жергілікті адамдар. Тендерлерді ылғи ұтып алады. Әрине, барлық жерде емес, көбінесе мұнай саласында. Айдалада орналасқан, вахта әдісімен істейтін жерге келіп, асханасына кірсең, сені есіктен индус қарсы алады, – деп, Дәулет аузы-қолын сүртіп, жастыққа жантайды.

– Ал тамақ салатын жерде африкалық-америкалықтар жымиып тұрады, – деп, Асқар арақ құйып жатып, күліп жіберді.

– Дәл солай, тек бас аспаздары – француздар немесе италиялықтар, – деп мақұлдады Дәулет.

– Дамыған елдер, – деп қарқылдап күлді Асқар, – барлық жағынан бізден алда. Біз олар үшін етке тоймайтын малшылар болып қала береміз.

– Ал біз олардан үйренуіміз керек, – деп жөн айтты Дәулет.

– Қабілетіміз мол, тез үйреніп кетеміз. Мәселен, мен депутаттыққа түсіп жатырмын, бізге де бірдеңе тиіп қалар, – деді Асқар, қулана күлімсіреп.

– Тиеді, – деп, Дәулет басын изеді.

– Мал бағу біздің ата кәсібіміз емес пе?! Әрине, онда да жүйеден құтыла алмайсың, бірақ бір жөні табылар, – деді Асқар.

– Менің де фермада істегім келеді, жылқы бақсам деймін. Есіңде ме қыста екеуіміздің атқа мініп, жоғалған малды іздейтініміз?

– Әрине. Күшті болатын! Ештеңеден қорықпайтынбыз. Кейде есіме алып, сонда қасқырларға жолығып қалсақ, не істер едік деп ойлаймын, – деді Асқар.

– Бізде бытыра болды ғой, – деген Дәулеттің сөзіне екеуі ішек-сілесі қатқанша күлді.

Телефон шырылдады. Асқар дағдысына салып, қолын смартфонға соза беріп еді, Дәулет бөлмедегі телефонның тұтқасын көтерді:

– Қыздар? Қайдағы қыздар?

– Екеуі келсін, – деді Асқар, Дәулеттің қолынан тұтқаны былай ала беріп, – ең тәуірлерін жіберіңдер.

<p>VI</p>

Үйде Валентина Петровна мен Қанаттың мамасы Майра тәте отыр екен. Олар Дәулеттің атасымен Қанаттың қамауы жайлы ақылдасуға келіпті. Атасы кезінде сот қызметін, одан кейін көп жыл бойы адвокат қызметін атқарған. Атасына кеңес сұрайтындар жиі келетін. Мүлдем танымайтын, алыс ауылдардан іздеп келетін кісілер де болатын. Кейде атасы олардың соншама қараңғылығына, қарапайым нәрсені білмейтініне қайран қалып: «Мұндайды кім болса сол алдай салады!» – деп ашуланатын. Ашуы тарағанша Дәулетке заңды білу керектігін, жазықсызға зиян келтірмей, қорғап қалудың маңыздылығын түсіндіріп, ақыл айтатын.

– Ертең барып, сұрастырайын, сіздердің әңгімелеріңізден бірнеше заң бұзушылықты анықтадым, – деп, атасы әйелдерді жұбатып, үйлеріне қайтарды.

Атасы расында милицияға барып, істің шет-жағасын анықтап келді. Ал екі күннен кейін барлық күдіктен ақтап, Қанатты қамаудан босатты. Балалардың айтуы бойынша, Қанатты қамауда әбден азаптаған: су құйылған пластик шөлмекпен бүйрегінен ұрыпты, қолын көтертіп, жалаңаяқ бетон еденде түні бойы тұрғызып қойыпты және үстінен мұздай су құйыпты. Одан да басқа қорқыныштысы жеткілікті дейді.

Қанатты жіберген күні Дәулет пен Асқар оған кешке қарай барды. Қанаттың үйінің жанынан қақпадан шығып келе жатқан Ритканы кездестірді.

– Кетіңдер. Майра тәте жылап жүр, Оспан аға мас. Ол Қанатты бәрібір үйден шығармайды, – деді ол жыларман болып.

Кейін Оспан аға ұйықтап қалғанда келеміз деп, балалар үйлеріне қайтты.

* * *

Сол түні алғашқы қар жауып, құдды бір үлпегімен жердің қара дақтарын жасырғандай болды. Дәулет қораның үстіне шығып, Асқарды күтіп отырғанда қардың осы әсеріне таңданыста еді. Табиғаттың өзі оның таңданысын соза түскісі келгендей: айнала жым-жырт, желдің лебі де сезілмейді. Дәулет бала кезінен алғашқы қардың ерекше иісі мен тың тыныштығын ұнататын. Осындай кезде дүние тұтас жақын келіп, шын келбетін ашып көрсеткендей, ал уақыт тоқтап қалғандай сезілетін. Ол басындағы түлкі тымағын түзеп, оның қайырмасынан шөп салынған қалташаны шығарды. Шөпті қағазға салып, енді орамақ болғанда, кенеттен үрген Ақтөске алаңдап, оны түсіріп алды. Наша шашылып, қардың бетін секпілдетті де тастады. Асқар келіпті.

– Әкел, бір-біреуден шегейік те, Канаға барайық, – деп, Асқар қораның үстіне шығып, досының қасына отырды.

– Мен шекпеймін, – деді Дәулет, Асқарға қалташаны тымағынан алып беріп.

– Өзің біл, – деп, Асқар үйреншікті қимылымен шөпті папиросқа салып, тұтатып, тартып алды.

Перейти на страницу:

Все книги серии Zerde Publishing

Нет соединения с сервером, попробуйте зайти чуть позже