– Жүрдіңдер? Серіге теңегенін қарашы өзін! – деп біржолата ашуланды Асқар.
– Ойбай, бауырым, қызғанғаның ба? Баяғыда өткен болмайтын нәрсеге, – деп, Дәулет диваннан ұшып түрегеліп, досын сабырға шақырды.
Бірақ Асқар орнынан тұрып, тырс етпестен, жатын бөлмеге кірді де, есігін жауып алды.
Дәулет диванға отырып, үнсіз қалған қыздарға көзін қысты. Айсұлу қайтадан тамағына кірісті, Рита Дәулетке арақ құйып берді.
– Нағыз осындайда керек нәрсе! – деп, Дәулет қызға қарап жымиды. – Келіңдер, қыздар, алып қояйық, – деп, олармен стақан қағысып, арағын жұтып салды.
Сол кезде үстелдегі мобильді телефон шырылдады. Бөлмеге жейдесіз Асқар келіп:
– Иә, Мәке, тыңдап тұрмын, – деп телефонына жауап беріп алды да, жатын бөлмеге кіріп кетті.
Дәулет оның не туралы сөйлескенін естімеді, тек біраз уақыттан кейін Асқар көңілді күйде келіп, Айсұлуды өзімен бірге алып кетті.
Рита алдындағы асын тауысып жеп, шампанға қолын созғанда:
– Сен шынымен он сегізге толдың ба? – деп тағы да сұрады Дәулет.
Рита жауап бермей, шампанды бір жұтып, Дәулеттің тізесіне отырды. Жатырымен оның денесіне жабысып, жейдесінің түймесін ағытты. Көрші бөлмеден анайы дауыстар шыға бастады. Дәулет сәл ашық тұрған есіктен Асқардың үстінде отырған Айсұлуды көрді. Өзі порнофильмдегідей ыңырсыған дыбыс шығарып, керіле секіріп жатыр. Бір кез Ритаға көзі түскен Дәулет оның бетінен наразылық нышанын байқады. Сол сәтте қызды ысыра түрегеп, тез шешінуге кірісті. Жезөкше де оның көңіл күйін қағып алып, шолақ шалбары мен ішкиімін шешіп тастады. Дәулет қызды диванға құлатып, ләззатқа беріліп кетті.
Таңертең Дәулетті кеше досына Айсұлу туралы орынсыз бірдеңе айтып, ренжітіп алдым ба деген ой мазалады. Жезөкшелерді шығарып салып, екеуі оңаша қалғанда:
– Айсұлу қазір қайда екен? – деп сұрады.
– АҚШ-та тұрады деп естідім, сол жаққа тұрмысқа шығыпты.
– Мәссаған! Онда қалай барып жүр?
– Жұмысында танысты деп естідім, – деп салқын жауап берді Асқар, ол туралы сөйлескісі келмейтінін білдіріп.
– Жарайды, бақытты болсын, – деп, Дәулет те тақырыпты жапты.
Артық сөз айтып, ренжігені арақтың әлегі шығар деп, Дәулеттің көңілі жайланды.
– Дәуке, сен ферма туралы шын айттың ба, расында, сонда жұмыс істегің келе ме? – деп сұрады Асқар кенеттен.
Дәулет әңгіменің қайтадан достық лебізде өрбігеніне қуанып қалып:
– Көруге болады, бәрібір қалада ұстап тұрған ештеңе жоқ, – деді.
– Бұл үшін ішіп қою керек, – деп, Асқар тоңазытқыштан бір шөлмек коньякты шығарды.
– Ал давай! – деп келісті Дәулет. – Онда сен үшін ішіп қояйық. Рақмет саған! Керемет дастарқан, әдемі қыздар. Көптен бері осылай демалмап едім.
– Өзіміз ғой, есептесе жатармыз, – деп, Асқар ішіп салды.
– Қашан қайтасың? – деп сұрады Дәулет.
– Бүгін кешке.
– Сенімен бірге кетсем бе екен? – деді Дәулет, оған ойлы көзін қадап.
– Жиналып үлгересің бе? – деп сұрады Асқар, коньякты құйып жатып.
– Белбеуімді орап буынсам болды дегендей, алаңдайтын жанұям жоқ, – деді Дәулет.
– Онда жолаяқ. – Асқар коньякты ұсынды.
– Давай! – деп бас изеді Дәулет.
Екеуі стақан қағыстырып, ішіп алды.
– Жақсы болды, – деп, Асқардың көзі ұшқындай жылт етті, – онда таңғы асымызды ішіп алайық. Сосын сен үйіңе барып, жинал, кешке барып, алып кетеміз.
– Тым тез шешілді, артында шатағы жоқ па? – деп күлімсіреді Дәулет.
Асқар сасқалақтап, жауап бергенше болған жоқ, Дәулет күліп жіберді. Сосын:
– Бәрі жақсы, бауырым! Рақмет саған! – деп, досын құшақтай алды.
Дәулет кетісімен Мәкең қоңырау шалды. Асқардың сасқалақтап күткен қоңырауы осы еді. Түнде ашуланып, өзін-өзі ұстай алмағанын есіне түсіргісі келмеді. Баяғыда болған оқиғаның жүрегін қайта шаншытқанын да қабылдағысы келмеді. Мәкең түнде берген уәдесін ұмытып қалмады ма деп мазасызданғаны да бар. «Қайдан! Ондайды ұмытпайды!»
– Ассалаумағалейкүм, Асеке, қалай әлгі жігітпен келістің бе?
– Уағалейкүмассалам, Мәке! Келіскен сияқтымын.
– Қашан жеткізесің?
– Мынадай мәселе. Ол – менің сыныптасым, егер бірдеңе болса, менің шатағым жоқ.
– Неден қорқасың? Кімнен қорқасың?
– Жолдас емеспіз бе, ыңғайсыз болады.
– Оны іздейтін біреу бар ма еді?
– Жоқ, мәселе онда емес.
– Егер ешкім іздемесе, неден қорқасың? Өзінің есі дұрыс па?
– Жоғары білімі бар, халықаралық компанияда қызмет істеген.
– Ей, сен маған тыңшы жібергелі отырған жоқсың ба?
– Оныңыз не, Мәке? Азып, араққа беріліп кеткен, ешкімі жоқ.
– Оны анық білесің бе?
– Айттым ғой, сыныптаспыз, бала кезден көршіміз.
– Туыстары қайда?
– Ата-анасы ерте қайтыс болған. Атасы он жыл бұрын жан тапсырды.
– Байқа! Бірдеңе бүлдірсе, сен жауап бересің!
– Әрине, Мәке.
– Жарайды, қашан жеткізесің?
– Бұйырса, ертең үйде боламыз.
– Оны бірден Қазыбектің фермасына апарып таста. Айтқаның расталса, қарыздан құтылдым дей бер.
– Рақмет, Мәке! Сау болыңыз!
Асқар қақпаның алдында бір сағат бойы Ритканың жаттығудан келуін күтіп тұрды. Сол арада үйден Ома екі рет шығып үлгерді. Ол – ұзын бойлы, оқтау жұтып алғандай түп-түзу, Ритка Цвайгерттің әжесі. Өзі тек неміс тілінде сөйлесетін, басқа тілде айтқан сөзді түсінсе де, немісше жауап беретін.