– Сыртта кім бар? Есікті ашыңдар! – деп айғайлады.

Тыныштық. Дәулет дыбыстарға құлақ түре бастады. Зымырап өтіп бара жатқан көліктердің дыбысы еміс-еміс естіледі, сірә, трасса болса керек және… жусанның иісі. Сонда ғана Қарағандыға бір күн бұрын не үшін келгені есіне түсті. Қалғаны – өткен күн мен түннің бұлыңғыр көріністері. Дәулет ыңғайлырақ жатып, иыққабын басының астына салып, аяғын созды. Сонда ғана жейдесінің қатты малшынғанын сезді. Мамық сырткиімі мен жейдесін шешіп тастап, иыққаптан таза майка, оның сыртынан флис жемпірін киіп алды. Мамық сырткиімін иыққаптың орнына басының астына жастық етті. Жағдайдың оғаштығына қарамай, Дәулет жата салып, қалғып кетті. Жартылай ояу күйі Дәулет шанақтың есігі ашылып жатқанын естіді. Күн жарығынан көзін сығырайтқан Дәулет есікті ашқан басы қазандай кішкене еркектің сұлбасын көрді. Өзі көзін бадырайтып, тесіле қарайды екен. Күн сәулесінен басы денесінен үлкен, ал көзі шарасынан шығып кеткендей болып көрінді. Дәулет көзін жұмып, басын бір шайқап, қайта ашты да:

– Сен кімсің? – деп сұрады.

– Сенің патшаң мен құдайыңмын. Шық! – деп гүрілдеді еркек.

– Құдай мен патша? Жолым болған екен, – деп, Дәулет су жаңа жүк таситын көліктің шанағынан секіріп түсті.

– Соңымнан ер, – деді еркек.

Жүк көлігінің жанында көк джинсы мен күртке киген жігіт темекі шегіп тұрды. Дәулеттен бұрылып, жасырынғысы келгендей көрінді. Жақын жерде жол жиегінде джип тұр. Еркек соған қарай бет алған.

– Сенің атың кім? – деп сұрады Дәулет, еркектің артынан еріп.

Еркек тоқтап, Дәулетті бастан-аяқ қарап шығып:

– Сіз деп сөйле, менің атым – Қазыбек, – деді.

Мотордың дыбысын естіген Дәулет артына бұрылып қараса, трассаға қарай жүріп кеткен жүк көлігі екен.

– Ал анау жүк көлігіндегі кім? – деп сұрады Дәулет.

– Сұрағың көбейіп кетті, – деп жауап берді Қазыбек, дауыс екпінін түзеп.

Өлшемі әлдеқайда үлкен тонға оранып алған, аласа бойлы, үшкір ұшты тозған туфли киген Қазыбек аяғын жыбырлата басып, Дәулеттің алдында келе жатыр. Киімінің бәрі басқа біреудің үстінен шешіп алғандай салбыраған, тек басындағы сабалақ қызыл феска ғана дәл қонып тұр.

– Феска Түркияда жасалған ба? – деп болжамдады Дәулет.

– Қайдағы феска-меска? – деп ашуланды Қазыбек. – Көлікке отыр, фермаға барамыз.

Дәулет қуанып қалды. Есін білмей ішіп отырып, Асқардың кеше Қазыбек туралы айтқанын ұмытқан болар-ау. Енді оған Қазыбектің мына бастықсымақ түрі күлкілі болып көрінді.

Көлікте Қазыбек радионы қосты. Ол шыжылдап, шырылдап қоя берген соң диск түймешесін басып еді, салонның іші шығыс әуеніне толып кетті.

– Өзбек литаврасы ма? – деп сұрады Дәулет.

– Өзбек? Өзбектерде түк те жоқ, бұл – татар аспабы, – деді Қазыбек. – Қазақтарда да түк жоқ.

– Домбыра ше?

– Ол да – думбыра деген татардың аспабы.

– Демек, сіз татарсыз, – деп қорытынды жасады Дәулет.

– Кім біледі, мүмкін, татар, мүмкін, моңғолмын. Тегім ертеден тарайды, ол уақытта қазақтар мүлдем болмаған.

– Ее, моңғол-татарлар де? Мына келе жатқан жер ше, ол да қазақтікі емес пе? – деп сықақтай сұрады Дәулет.

– Жоқ, бұл – баяғыда сатылып кеткен жекеменшік. Қазақсың ба, мазақсың ба – ешкімнің шаруасы жоқ. Қазір бәрін ақша шешеді, – деп, жалт қарады Қазыбек.

Дәулеттің намысы қозып, енді сазайын берейін деп Қазыбекке шатынай қарады да, тез ойланып, сабырға келді. Қортық наданмен сөз таластырғанша, фермаға жеткен соң Асқармен хабарласып, бүге-шігесін анықтағаным дұрыс болар деп, терезеге бұрылып, көзін жұмды.

<p>XVIII</p>

Дәулет әдеттегідей сабағын оқып болып, теледидардан жаңалық көріп отырған атасына қосылды. Экранда жасы келген әйел көпес бабасының баяғыдан тұрған үйін бұзғанына наразылығын білдіріп жатты.

– Ата, сол ескі үй үшін неменесіне сонша қайғырып жатыр? Оның орнына жаңа биік үй салады, жаңаның аты жаңа ғой. Ал бабасын бейітіне барып еске алмай ма? – деп пікірін білдірді Дәулет.

– Сен Иван мен Тасяның үйіне қара да, Ережептің үйіне қара. Айырмашылығы бар ма?

– Иван атаның үйі биік әрі әдемі, ал Ережеп ағаның…

Сол кезде есік шарт ашылып, табалдырықтан қабағы қатулы сиыршы Ережептің өзі көрінді.

– Ассалаумағалейкүм, Жәке! Бұқамды таба алмай жүрмін, көрмедіңіз бе? – деп бірден сұрақтан бастады ол.

Жәкен күліп жіберді.

– Көрдің бе, балам? Ережеп үшін жоғалған бұқа – апат, ал жертөлесінің қисайғаны түк те емес. Міне, айырмашылық осында.

– Уууй! – деп қолын сермеді Ережеп. – Сол жертөлені қайтесіз, жазда бұзамын да, бір машина кірпіш түсіріп, жаңа үй саламын. Ал қазір бұқаны табу керек.

– Немерем екеуің егіздің сыңарындай ойлайды екенсіңдер. Бар, Дәулет, атыңа мініп, іздес, – деді Жәкен.

Дәулет тонын, пимасын киіп, тымағын қолына алып, Ережептің артынан үйден шықты. Аулада сиыршының Қарагері байлаулы тұр екен. Өзі – ауылдың ең бір безбүйрек құнаны. Дәулет оған тақалып келіп, қолы еріксіз жалына қарай ұмтылды. Қарагер сипағанын ұнатып, басымен Дәулеттің иығына сүйкенді.

– Пах-пах-пах! Қарашы жануардың жақсы көргенді сезгенін. Бар, Дәулет, атыңды ертте, қараңғы түскенше іздеп келейік, – деді Ережеп.

Сол арада қақпаны ашып, аулаға Асқар кірді.

– Ассалаумағалейкүм, Ережеп аға! – деп, басын иіп, Ережеппен қол алысты.

Перейти на страницу:

Все книги серии Zerde Publishing

Нет соединения с сервером, попробуйте зайти чуть позже