– Мен сені полицейден қаңғыбастарға бас-көз болсын деп, екі қой беріп, сатып алдым, – деді.

– Қалайша сатып алдың? Есің дұрыс па? – деп тұрып қалды Дәулет.

– Сол полицей сен туралы құжаты жоқ біткен адам деді. – Қазыбек үйдің ішіне қарай шегіне бастады да, Дәулеттің шабуылдамайтынын көріп, орнында қалды.

– Құжаттарым толық: жеке куәлігім, әскери билетім, тіпті шетелдік паспортым да бар, көрсетейін бе? – деп, Дәулет бараққа қарай асықты.

– Көрсет! – деп айғайлады Қазыбек.

Көз алдына көлікте кірген түсі келіп, Дәулет кеудесін сипалап, тұмарын тауып алды. Үйге кірісімен оны мойнынан шешіп алып, тексерді. Тұмар бүтін. Ішіндегі үш бұрышты теріге оралған қағаз да орнында. Дәулет иыққабын алайын деп еді, кереуеттен тек сырткиімін тапты. Жан-жағына қарап, терезе алдындағы кереуеттен әлсіз қимылды байқағандай болды. Оған жүгіріп барып, көрпені ашып жіберді. Мақта көрпенің астында басын қолымен көлегейлеп бір жігіт жатыр екен. Қасында – иыққап. Дәулет иыққапты алып:

– Сен кімсің? – деп сұрады.

– Ал сен кімсің? – деді жігіт, қолын басынан түсіріп. – Мен ештеңе алған жоқпын, жай қарадым, – деп жылпылдады.

Дәулет иыққабын ақтарып, жанқалтасынан конверт пен әмиянын шығарды.

– Тоқтай тұр, – деп, әмиянын ашып, тексерді: ақшасы орнында, куәлігі жоқ.

Дәулет барлық заттарын аударып-төңкеріп, құжатын таба алмады.

– Куәлігіңді жоғалттың ба? – деп қабаттаса сұрады жігіт. Сосын кереуетке отырып:

– Димон, – деп, қолын созды.

– Дәулет.

– Менің де құжатымды бір азғын полицей қисынын келтіріп алып қойды. Қазыбек қортық – соның сыбайласы, осында итшілегеніме жарты жылдай болды.

<p>XX</p>

Дәулет жайылып жүрген отарды төбеден көзбен шолып отырады. Қаншама бытырап кетсе де, көзкөрім жерде. Бақылайтын жер табуды атасы үйреткен. Жаз сайын Дәулет атасы екеуі қазақ ауылында тұратын Қасен шалдың кезегін алып, бірнеше рет қой баққан.

Қартаң жасына қарамай, Қасен қорасында он шақты қой, сиыр, бірнеше бие ұстайтын. Бағып, тәрбиелеген тоғыз қызы бірінен соң бірі тұрмысқа шығып, тарап кеткен соң, кемпірі Қарақат екеуі жалғыз қалды. Қыздары мен немерелері анда-санда келіп тұрады. Кейде шал мен кемпір жол жүріп, қыздарына барады. Сондай жағдайларда Қасен қой кезегін Жәкенге тапсыратын.

Қазақ ауылы деп шеттегі мал ұстайтын жанұяларды құрайтын бірнеше көшені атайтын. Атауына қарамай, ол көшелерде әр түрлі ұлт өкілдері тұрады: немістер, татарлар, орыстар, гректер, ингуштар мен украиндер. Қазақ ауылы қойды кезекпен бағатын.

– Төбенің жотасында шығыс жағынан да, батыс жағынан да шөп көп болады, – дейтін атасы. – Таңертең қойды көлеңке түсетін батысқа жай, ал түстен кейін шығысқа айда. Көлеңке түскен жерде шөп күйіп кетпейді, – дейтін тағы. Күздігүні малды күннің соңынан төбені айналдыра жаю керек екенін Дәулет өзі түсінді. Көктем шыға қойлар еріген қардың астындағы қылтиған шөпке ұмтылатынын көрді.

Төбеден ашылатын кең көкжиекке қарап, Дәулет балалық, жастық шақта шырқаған әндерін есіне түсіріп отырады. Қолына қаламын алып, шумақтарын жолма-жол жазады. Мұндай жазу көңіл күйіне байланысты күнделікті әдетіне айналды. Бірақ кейде күні бойы ойланып, әннің бірде-бір сөзін есіне түсіре алмайды.

Бір күні көтеріңкі көңіл күйде отырып, орысша «Взвейтесь кострами» деген пионерлер өлеңін есіне алды. Өзі пионерлер қатарына өтіп үлгермесе де, пионерлер лагеріне барып үлгерді. Күні бойы қиналып, барлық шумақтарын кезекпен жазып біткенше өлеңнің жұмбақ қарама-қайшылықтарына мән беріп, ойға шомды. Неге пионерлер тек жұмысшылардың балалары болуы керек? Сонда басқалардың балалары пионерге өтпеген бе? Пионерлер үшін дайындалған жарқын болашақ дәуірі қайда? Сірә, коммунизм арман күйінде қалған-ау?

Келесі күні ағайынды Гейзерлердің есімдерін есіне түсірді. Ол екеуі пионер лагерінде боқауыз частушкалар айтатын. Вильмар мен Вальдемар ма? Вильгельм мен Вальдемар ма? Ағайындылар орындайтын бірнеше частушканы жатқа білетін Дәулет олардың толық есімдерін есіне түсіре алмай қиналды. Оларды Валик пен Вилик деп атайтын. Сол күні Дәулет қойларын частушкалармен алдандырды. Тек келесі күні таңертең ғана олардың есімдері Вильгельм мен Вальтер екені есіне түсті.

Есімдер мен өлеңдер арқылы Дәулет өткен күндеріне саяхат шегеді. Кейде Дәулет өзінің жасына қарамай ақылман болып алғанына таңғалады.

Жетінші сыныпты бітірген жазда есірткіге қатысты шулы іс басылған соң Асқар екеуі тығып қойған сөмкені алып, велосипедпен ауылдың сыртына шықты. Ішіндегі тәжік анашасы мен героинді екіге бөлді. Осылай жасауды Асқар ұсынды. Дәулет болса бәрін жағып тастағысы келген. Расымен де, ол өз үлесін сол жерде бірден отқа жақты. Асқар өз үлесін Қарағандыға апарып, жиен ағасы арқылы сатып, ауылға су жаңа «ВОСХОД 3М» мотоциклін мініп келді. Аяғында аппақ фирмалық кроссовка. Дәулет оған қызығып, кейде есірткіні жағып жібергеніне өкінсе де, онысын білдіртпейтін.

– Менің істегенімді істесең, мен сияқты байк теуіп жүретін едің, – деп, Асқар оның қытығына тиетін.

Атасы туған күніне ұсталған «Минск» мотоциклін сатып әпергенде Дәулеттің іштегі бар қыжылы сейіліп кетті. Асқар екеуі бірігіп мотоцикл тебетін болды.

Перейти на страницу:

Все книги серии Zerde Publishing

Нет соединения с сервером, попробуйте зайти чуть позже