Дәулет қойларын бір кішігірім тас құламаның астына айдады. Басында маңырасып, топтала тосырқаған мал біртіндеп біріне-бірі сүйкеле түсіп, жата бастады. Дәулет олардың қасына қисая кеткісі келіп еді, артынша «қыстырылатын жерді тапқан екенсің» деген мысқыл ой оны былай әкетті. Тым шалғай емес жерден малды да бақылауға, отты да жағуға ыңғайлы орын іздей бастады. Тау жотасының басында қалта шамымен жолға жарық түсіріп жүріп, жалғыз тұрған мазарды көріп, қуанып қалды. Баяғыда боранды түнде Асқар екеуі осындай мазарды паналап, бораннан сақтанған. Әрине, қорыққандары да бар, бірақ олардың басқа амалдары қалмап еді: я бейіт басында түнеп шығуға, я суықтан қатып қалуға тура келген.
Сол түні шала ұйқыдағы Дәулетке аян келген. Бейіттің аруағы болар, ақ сақалды шал оны таң ата оятқандай болып, тезірек шығысқа қарай бет алуды бұйырды. Дәулет досын зорға оятып алып, екеуі тез жиналған да, жолға шыққан. Содан өздері де аман қалып, жолшыбай бір ықтасын сайдан Сағынтайдың сиырын да тауып әкелген. Осы оқиғаны атасына айтқанда ол еш таңғалмай:
– Бейіт – аруақтардың мекені. Олар бізді қорғайды, – деген.
Дәулет айналадан құрғақ ши, шөп, сасыр мен тобылғының бұтақтарын жиып, мазардың ық жағын ала алау жақты. Бұл жерден қойлар да көрінеді, жел де соқпайды. Жайланып отырып, жылынған соң қарны ашқанын сезді. Дәулет қалтасынан құрт салған дорбасын шығарып, ішінен біреуін алды да, аузына салды. Бірнеше ай далада жүремін деп, өзін-өзі аштыққа шыдауға үйретумен келеді екен. Мұнда бастысы бар ойды тамақтан басқа нәрсеге аудару керектігін түсінген. Тіпті шыдауға келмесе, осылай құртын шығарып, сора бастайды. Артынан шөлдеп, су ішкенде қарны тойғандай болады.
Дәулет қалада өз еркімен тамақ ішпей, тіпті ашығып та жүретін бірталай адамды кездестірді. Диета ұстайтын әйелдер мен еркектер, йогамен айналысатындар, денсаулығын жақсартамын деп, тамақты аз жейтіндер мен аузы беріктер. Жедел жобаларды іске асыру барысында аштық жұмыс қабілетіне зор әсер ететініне Дәулеттің де көзі жеткен. Ол түскі асқа үзіліс жасамай, көбірек жұмыс бітіріп үлгеретін. Ал түсте қарнын толтырып алған жағдайда ұйқысы келіп, көңілі тынығуға тартып тұратын.
Дәулет таң ата тоңып оянды. Түндегі жаңбыр қарға айналыпты. Аппақ айналада қойлар ғана қарауытып жатыр. Дәулет мазардың сыртынан жазу я белгі іздеп таппады. Айдалада тұрған жалғыз бейіт. Әлде жақында ауыл бар ма? Дәулет біраз жүріп, жолды тапты. Шамасы, жотаның арғы жағында ауыл бар. Ауыл жайлы ой санасында жылт еткенде Дәулет бүгінгі ауылының Нұржан, Дима және Степаныч тұратын фермаға айналғанын еріксіз ойға алып, көзін алыс көкжиекке аударып әкетті.
Степанычтың жасы алпыстар шамасында болса да, түрі сексендегі шалға ұқсайды. Нұржанның айтуы бойынша, Степаныч – панасыз қу сирақ. Ол көп жыл бойы кен ошағында вахта әдісімен жұмыс істепті. Ауылға келгенде ата-анасынан қалған үйде тұрған. Ол үйде туған қарындасы мен інісі болған. Уақыт өте қарындасы тұрмысқа шығып, Қарағандыға көшіп кетіпті. Інісі әскерге барып келген соң жұмыс істемей, арагідік салынып ішетін кеселге ұшырапты. Степаныч вахтадан келгенде інісі оны ішкізіп, ақшасын тартып алатын болған. Кейін Степаныч жұмыста жүргенде інісі үйді сатып, мүлдем жоғалып кетіпті. Соңғы уақытта біреулердің оны Москвада екен, отбасын құрыпты дескені бар.
Сөйтіп, Степаныч баспанасыз қалды. Жалақысы жақсы болса да, үй сатып алуды ойламады. Үнемі кен ошағында қалып жүрді, анда-санда ауылға келгенде ішетін таныс достарына барып, тапқан табысын жұмсап, қайтадан кенге келеді. Кен ошағын жауып тастаған соң малшы болып жалданып, фермадан фермаға көшіп жүрді. Бірде шайтан түртіп, адам тонау айыбымен абақтыға да қамалып шықты. Екі жыл отырып келген соң біраз уақыт панасыз көше кезіп кеткен. Қазыбектің оны малшы қылып жұмысқа салғаны осы кез.
Дәулет келгенше Степаныч қой бағыпты. Дима мен Нұржан болса – жылқыда. Сақпан мен қой қырқу кезінде Қазыбек қосымша малшы жалдайды екен. Фермадағы шаруашылықпен Қазыбек өзі айналысыпты.
Дәулеттің Степанычпен бірінші кездесуі есінде қалып қойды. Бараққа үстіне майлы күпәйке, аяғына тозығы жеткен етік киген, еңсесі түсіңкі шал кірді. Үндемей сырт киімін шешіп, кереуетке отырып, етігін шеше бастады. Еңкейген күйі етігінен әуелі кір шұлғау оралған бір аяғын шығарып алды. Біраздан соң екіншісіне кірісті. Шұлғауды шешіп, қанталаған башпайларына қарап алды да, кереуетке жата кетті.
– Степаныч, келдің бе? Темекі тартасың ба? – деп, біраздан соң үйге Димон кіріп, шалдың қасына барды.
Степаныч күлімсіреп, басын сәл көтерген болды. Дәулетке де көз қырын тастап, төмен қарады.
– Міне, Степаныч, танысып қой. Бұл – Дәулет. Біздің бастығымыз болады, – деді Димон, шалға бір тал папирос беріп.
Шал Дәулетке өткір жанарымен бір қарап, басын изеді.
– Сендерде дәрі-дәрмек бар ма? Аяқтағы жараларды емдеу керек, – деді Дәулет, көзімен шалдың башпайларын меңзеп.
Степаныч аяғын жерге түсіріп отырды.
– Қайдағы дәрі? Бұл саған аурухана дейсің бе? – деп қарқылдап күлді Димон.
– Ештеңе етпейді, жазылады, – деді Степаныч, қағазға оралған папиросты рақаттана тартып.