– Жоқ, екі күн бұрын төбелескеніміз рас, бірақ Степаныч тірі болатын. Ал азанда Дәулет оны өліп қалған жерінен тапты, – деп жағдайды айта бастады Димон.
– Дәулет деген кім? – деп сұрады капитан.
– Менің қойшым, – деп жауап берді Қазыбек, – қазір қой бағып жүр.
– Мүмкін, шалды өлтірген сол шығар? – деп сұрады капитан Нұржан мен Димоннан.
– Жоқ! – деп кесіп айтты Димон.
– Білмеймін, – деп жауап берді Нұржан.
– Шалдың мәйітін тауып алғанын көрдіңдер ме? – деп сұрады лейтенант.
– Жоқ, біз ұйықтап жаттық, тым ерте болды, – деді Нұржан.
– Мүмкін, ол шалды өлтіріп, қашып кеткен шығар, шалдың мойнында ісіктер бар, – деп болжады лейтенант.
– Бәлкім, расында, шалды өлтіріп, табанын жалтыратқан шығар? Мұндай қарда қой жаюшы ма еді? – деп Қазыбекке сұрақ қойды капитан.
Қазыбек көзін бақырайтып:
– Мен де соны ойлап едім, мынадай омбыда қойды неменеге айдайды?
– Қойлармен қашты ма сонда? – деп күмәнданды Түкенов.
– Ол өзі – бір қызық адам, қанішерге ұқсайды, – деді Қазыбек, көзін бадырайтып.
– Малшыларды өлтіретін қойшы-маньяк болғаны ма сонда? – деп күліп жіберді Түкенов, бірақ бастығының қабағына қарап, үндемей қалды.
Димон ар-ождан кодексі не екенін толық білмесе де, жолдасын сату оңбағандық екенін жақсы түйсінген. Сондықтан тергеуші Мұхтаров Дәулеттің үстінен арыз жазсаң, бостандыққа шығасың дегенде Димон бірден бас тартты. Ондай сатқындыққа келіспеді. Ұрсын, соқсын, қинасын – бәрібір ол Дәулетті сатпайды. Тек Нұржан, керісінше, Степанычтың өлімін өздеріне жабады деген күмәннан жанын қоярға жер таппай қалған.
– Сен жындысың ба? – деді Нұржан. – Степанычты сабаған – сен екеуіміз, Дәулеттің қатысы жоқ. Олар бізді айыптайды, көресің, ал Дәулетті босатып жібереді. Жарайды, мені Қазыбек алып қалады. Мен оның өтемі қайтпаған құлымын, алда тегін істейтін жұмысым бар. Ал саған кім қамқор болады? Ауырып жатқан қайыршы шешең бе? Оны тыңдайтын кім бар? Қазір бәрін ақша шешеді.
– Осы бізді неге одан бөлек камераға отырғызды? – деп сұрады Димон.
– Араларында келісім болмасын деп бөлді, – деді талай абақтыда отырған Құмар.
– Өйткені ол – күдікті, ал біз куә ретінде отырмыз, – деді Нұржан.
– Дәулеттің қатысы болмаса, оған жала жауып қайтеді? – деп сұрады Димон.
– Полицейлермен шатағы бар сияқты оның, – деп пайымдады Нұржан.
– Ал менің естуім бойынша, оны біреу қасақана жазғырып отыр, – деді Құмар, көзін сығырайтып.
– Мінезі оғаш болса да, Дәулет – дұрыс жігіт. Оны кім ұрындырды екен? – деп таңғалды Димон.
– Дұрыс па, бұрыс па, біздің қолымызда тұрған түк жоқ, өз қамымызды ойлауымыз керек, – деп ашулана қалды Нұржан.
– Жолдасты сатуға болмайды, – деген шешімін айтты Димон. – Мен оның үстінен арыз жазбаймын.
– Сенің арызыңнан түк те өзгермейді, менттер оны жапқысы келсе, сенсіз де амалын табады. Одан да қолыңды былғама, – деп Димонды қолдады Құмар. Димон оның сөзіне қуанып қалды.
Димонның Құмарға бір көргеннен ықыласы ауды. Суреттегі әкесіне ұқсастығын байқады: сопақ, қуқыл бетті, көздері өткір. Димонға оның жүресінен отырып, көзін сығырайтып темекі тартқаны ұнады. Сөйлеу әдеті де әкесіне ұқсайды, үні баяу, сенімді. Құмардың қасында отырып, Димон өзін емін-еркін, жақсы сезінді.
Бірнеше ай бойы Олжас Дәулетті телефон арқылы ала алмай қойды. Күзде тапсырыс хат жіберіп, немересінің тойына шақырды. Дәулет хатты қабылдады деген мәлімет келді, бірақ хабарласпады, тойға да келмеді.
Олжасты жұмыс бабымен солтүстік астанаға ауыстырғаннан кейін Дәулет оның отбасысынан алыстап кетті. Басында телефон арқылы жиі сөйлесіп тұратын, мейрам күндерімен құттықтайтын. Соңғы екі жылда Дәулет сирек хабарласатын болды. Бірінші болып Рәбиға уайымдай бастады:
– Дәулетжан мүлдем араласпай кетті, тойға да келмеді. Өзі жаман бірдеңеге ұшырап қалған жоқ па?
Олжас Дәулеттің телефон нөмірлеріне қоңырау шала бастады. Бұрынғы жұмысынан екі жыл бұрын шығып кеткен деді. Мобильді нөмірі сөндірілген. Үйіндегі телефонға ешкім жауап бермейді. Оның үстіне түсіне Жәкен кірді. Абақтыда өлім жазасын тосып отыр екен. Олжас абыржып, тұрысымен түсін әйеліне айтып берді.
– Жәке немересін бізге тапсырып кетті, ал біз оны жалғыз қалдырдық, – деп қынжылды Рәбиға, қолын сермеп.
– Жасы отыздан асты, бала емес қой, – деп ақталды Олжас.
– Әрине, бала емес, бірақ оның бізден басқа жақыны жоқ. Іздеу салу керек, бірдеңеге ұрынып қалды ол жігіт. Жәкен тектен-текке түсіңе кірген жоқ.
Жұмысына келісімен Олжас көмекшісін шақырып, Дәулетке дереу іздеу салуды тапсырды. Күні бойы жұмысқа құлқы болмай, Жәкен туралы түсін елестетіп, Дәулетті ойлап, Олжас тыным таппады.
Түкенов Алтаев Дәулетке салған іздеуді бірінші болып көрді. Ол туралы бастығына айтпай, іздеуде тұрған нөмірге өзі хабарласты. Лейтенант Түкеновтің Мұхтаровтың қарамағында екі ай қызмет істеп жүрген түрі еді. Бастығы оны жоспарларына, істеріне аса көп араластырмайды. Іздеу келген күннің қарсаңында Түкенов бастығының сұхбатын кездейсоқ естіп қалды.