Дала мейірімді емес, бірақ қатал да емес. Оның өз заңдылықтары бар. Мал оны адамнан жақсы біледі. Бас пайдасын ойлаған Асқардың да өз қағидалары бар. Дәулеттің орнында басқа біреу де болуы мүмкін еді. Әркімге өз ережелері маңызды екен. Тіпті анау Димонның да ар-ождан жайлы өз қағидаты бар. Дәулет қатты күліп жіберді. Серке оған тұмсығын қайқайта қарады.

– Дұрыс айтасың, Гораций! Revenons à nos moutons! – деп, Дәулет серкені таяқпен нұқып жіберіп, қойларды батысқа қарай айдай бастады.

Серке асықпай жол бастады. Қойлар соңынан ерді.

«Иттей етіп сатып жіберген Асқардікі дұрыс. Азған малғұн, тек осыған лайықтымын», – деп өзін сынады Дәулет.

– Сонда да сен оңбағансың, Гораций! – деп, Дәулет жанында келе жатқан серкені таяқпен қаттырақ түртіп жіберді. Серке кідіріп, Дәулетті сүзгісі келгендей ыңғай танытты.

– Бірақ мен сені кешірдім! – деп амалсыз күлген Дәулет отардың соңына қарай жүгірді.

Фермаға бірнеше шақырым қалғанда серке үсті-үстіне бақылдап тұрып қалды. Онымен бірге отар да тоқтады. Дәулет серкенің жанына барды. Алдыңғы аяғының сирағы зақымданыпты. Қар астындағы тастың қырына жарақаттап алған сияқты, терісі сырылып кетіпті. Дәулет оны итеріп көріп еді, серке ақсаңдай басып жүріп кетті, отар да оның соңынан ерді.

Серке ақсаңдап, қойлар баяу қозғала берді. Серке фермаға жетуге шақ қалғанда мүлдем қиналып, қарға жатып алды. Дәулет мамық сырткиімін шешіп, жайып жіберіп, үстіне серкені жығып жатқызды. Жеңдерімен серке үстінен бір байлап, капюшонынан тартып, қашарға қарай сүйрей жөнелді. Терлеп-тепшіп қашарға да жетті. Бараққа кірмекке есігін аша бергенде біреу артынан жабысып, қарға құлатып салды. Сосын қолдарын артына қайырып, кісен салды.

– Алтаев Дәулет пе? – Дәулет басын көтерсе, қасында полицей тұр.

– Иә, мен. Не үшін? – деді Дәулет.

– Адам өлтіргенің үшін, – деп жауап берді капитан. – Көлікке әкетіңдер! – деп бұйырды сосын.

– Тұр! – деп, Дәулеттің артындағы біреу қолынан тартты.

Дәулет ақырын тізерлеп отырып, артына бұрылды. Жанында тұрған екінші полицей мұны шынтағынан демеп, аяғына тұрғызды.

– Күрткемді беріңдер! – деп айғайлады фермада жүріп, өз заттарын құнттап ұстауға үйренген Дәулет. Канада мамық сырткиімі оны талай рет далада сыз бен суықтан сақтаған.

– Серкеге не болды? Әкеңді… – деп боқтап жіберді Қазыбек.

– Қардың астында сирағы тасқа тиіп жараланыпты, – деп жауап берді Дәулет. – Күрткемді беріңдер, – деп қайталады ол.

Қазыбек серкенің жарасын тексеріп, тағы бір боқтап алып, күрткенің жеңдерін шешті. Сосын оны серкенің астынан жұлып алып, полицейге берді. Жас полицей күрткені алып, Дәулетті көлікке қарай апарды. Көлікте Димон мен Нұржан отыр екен. Қолдары кісендеулі.

– Не сұмдық? – деп сұрады Дәулет.

– Степанычтың өз ажалымен өлгеніне сенбей, бізді өлтірді дейді, – деп түсіндірді Димон.

– Өлгенде ғана керек болып қалғаны ма бейбақ Степаныч?! – деді Дәулет.

<p>XXIV</p>

Қазыбек фермаға түстен кейін келген. Нұржан мен Димон мотордың дыбысын естіп, далаға атып шықты.

– Басқалар қайда? Әкеңді… – деп бірден боқтай бастады Қазыбек, көліктен шыға салып.

– Дәулет отарды жайып кетті, – деді Димон.

– Мұндай қарда малды жайғаны несі?! – деп ақырды Қазыбек, қашарға қарай барып.

Есікті ашып қарады да:

– Қиды неге шығармағансыңдар? Шал қайда? – деп сұрады.

– Ол өлді, – деп жауап берді Нұржан.

– Не дейді мынау! Шешеңді… Жетпегені осы еді!

Қазыбек үйге кіріп, Степанычтың кереуетіне жүгіріп барды. Көрпені жұлып алып, денесіндегі ісіктерді көріп, боқтап жіберіп:

– Мұны кім сабады? – деп сұрады.

Нұржан мен Димон үндемеді.

– Қарғыс атқырлар! Біреу үстімнен фермада құл ұстайды деп арыз жазыпты. Енді шалды өлтірді деп шығады, шешең… – деп шала бүлінді Қазыбек.

– Кім арыз жазыпты? – деп сұрады Нұржан.

– Соны сендерден сұрайын деп едім! Көрші фермада не істедіңдер? Шошқа тағаладыңдар ма? Тілекке қой сатып алуға полицей келгенде, менің фермамнан азып-тозған үш бейшара келді деп айтыпты. Енді шалдың өлгені еді жетпегені! Шешең…

Димон мен Нұржан бастарын көтере алар емес. Ауладан көліктің дыбысы естілді. Қазыбек терезеге қарап:

– Менттер келді, шешең… – деді.

Сосын есікке қарай асықты. Нұржан мен Димон үстел басында отырған күйі қалған.

Біраздан кейін бараққа екі полицейді ертіп, Қазыбек кірді.

– Мәйіт қайда? – деп сұрады капитан шеніндегі полицей.

– Ана жерде, – деді Қазыбек, Степаныч жақты көрсетіп.

– Түкенов, бар, қарап кел, – деп бұйырды капитан иықты дембелше жігітке. Лейтенант сырткиімін шешіп, ілгісі келді де, шеге таппай, бос кереуетке тастай салды. Сосын Степанычқа жақындады.

Капитан күрткесінің түймесін ағытып, үстел басына отырып, папкасын ашты. Одан екі парақ қағаз шығарып, Нұржан мен Димонның алдына қойды.

– Жазыңдар, – деді ол.

– Нені жазамыз? – деп күңк етті Димон.

Капитан оған үңіле қарап:

– Шалды қалай өлтіргендеріңді жазыңдар, – деді.

– Біз оны өлтірген жоқпыз, – деді Димон.

– Онда кім өлтірді?

– Ол өзі өлді, – деді Нұржан.

Сол кезде лейтенант қайтып келді.

– Иә, айта бер, – деді капитан.

– Ісіктері мен жаралары жаңа, өлгенше сабаған.

– Ал сендер өзі өлді дейсіңдер, – деп, капитан кезек-кезек күдіктілерге қарады. – Мойындағандарың дұрыс болады.

Перейти на страницу:

Все книги серии Zerde Publishing

Нет соединения с сервером, попробуйте зайти чуть позже