Кешкісін лейтенант жұмысқа есептемесін жазып бітіруге келсе, бастығы өзінің кабинетінде біреумен сөйлесіп жатыр екен. Кабинетіне кірген Түкеновті бастығы байқамады. Мұхтаров телефон арқылы Мәке деген біреумен сөйлесіп жатты. Байланыс сапасы нашар болғандықтан, капитан қатты сөйлеуге мәжбүр болған. Оның үстіне телефонының дауыс зорайтқышын қосқан. Екеуінің арасында өрбіген әңгімені Түкенов жақсы естіді.

– Бәрін Алтаевқа жабыңдар, – деді телефондағы дауыс.

– Жақсы, Мәке, қаңғыбастарды қайтеміз?

– Олар да Алтаевтың үстінен жазсын. Сосын екеуін де босатып, фермаға апарып таста, малды бағатын адам жоқ. Онда сенің де малың бар екенін ұмытпа.

– Ол дұрыс қой, айтқаныңыз болсын, Мәке, – деп келісті капитан. – Қазыбек қуды қайтеміз?

– Оны кейін шешеміз! – деп кесті Мәкең.

* * *

Дәулет бүрісіп төсекте көп жатты, әр қимылдан денесінен гөрі басы ауырды.

Соңғы рет Мұхтаров қатты мас болып тергеді, Дәулеттің қолынан кісенін де шешпеді.

– Жаз, оңбаған, кінәңді мойында! Кінәң дәлелденген, – деп бастады Мұхтаров.

– Егер кінәм дәлелденсе, несіне мойындаймын? – деп келемеждеді Дәулет.

Капитан үндемей қасынан айналып өтіп, күтпеген жерден бауырынан жұдырықпен соғып жіберді. Дәулет еденге құлап, енді тұрмақшы болып еді, Мұхтаров оны ішінен теуіп жіберді. Сосын басынан тепті. Дәулеттің Димон мен Нұржан Степанычты тепкілегенде шалдың қолымен басын жапқаны есіне түсті. Ең бастысы, басты сақтау керек. Ол туралы Асқар да айтқан. Алтыншы сыныптан кейін алдын ала қамауға жауып қойғанда милицейлердің азапқа салғанын досы толық айтып берген. Су құйылған шөлмекпен бүйрегінен ұрғанын, сосын қан сигенін, тағы басқаларын. Ең қорқынышты естелігі – басына полиэтилен қапшығын кигізіп, оны бірте-бірте мойнынан айналдырып байлағаны. Сосын есінен танып еденге құлағанда басынан теуіпті. Ол еденге құлаған сайын қолымен басын жабуға тырысыпты.

– Басты сақтап қалу керек, – дейтін Асқар.

Дәулет есіктің арғы жағынан біреудің қадамын естіп, қадалған көзін сезіп, ептеп есікке қарай басын бұрды. Біраздан соң кілт сылдырлап, шиқылдап есік ашылды.

– Мұхтаров па сізді сабаған? – деген Түкеновтің дауысын естіген Дәулет оның сыпайылығына таңғалды.

– Жата беріңіз, мен дәрігер шақырттым, – деп, тағы да қамқорлығын білдірді лейтенант.

Дәулет біраз қиналып, кереуетке отырып:

– Мұхтаров екеуің қатал полицей мен мейірімді полицей болып ойнағандарың ба? – деп сұрады, қанталаған бетін қисайтып.

– Жоқ, сіз дұрыс түсінбедіңіз, – деп, Түкенов оның қасына жақындап, көзіне тура қарап:

– Олжас ағайдан сәлем, – деді.

– Димон мен Нұржан, расында, менің үстімнен жазды ма? – деп сұрады Дәулет, Олжас ағасының атын естігенде іштей бұрқ ете қалған алай-түлей сезімін жасырып.

– Оларды қайтесіз, мал сияқты, не айтса, соны істейді, – деп жауап берді Түкенов.

– Сендерге бәрі – мал. – Дәулет лейтенанттан теріс бұрылды.

Бұл жолы қамаудағы бір ай тез өте шықты. Дәулет камераның төбесінен балалық үрейінің ізін бекер іздепті. Таппады. Жан ауруы басылып, күмәні мен қорқынышы денесіндегі жараларымен бірге жазылып кеткендей. Дәулет ұзақ уақыттан бері алғаш рет айнаға қарап, өзін-өзі танымай қалды. Самайына ақ түскен, ал көзі рентген сәулесі сияқты тесе қарайтын болыпты. Айнадан атасынан айнымайтын кескінін көріп, таңғалды.

Бұл ақпанда Дәулет жылқы бағу туралы бірсыпыра кітап оқып бітірді.

<p>XXVI</p>

Асқар сәске түсте ауылға бет алды. Ата-анасы оның кұрметіне той жасаймыз деп, ағайын, көрші-қолаңды қонаққа шақырыпты.

– Депутат болдың, мұндай жетістікті міндетті түрде атап өту керек, – деп қоймады анасы.

Таңертең жол жүрер алдында Назираның іші ауырып, жедел жәрдем шақыруға тура келді. Дәрігер оны қарап, ауруханаға алып кетті. Жүкті болғаннан бері Назира жиі ауыратын болды. Ол туралы Асқар ата-анасына хабарламады, ренжіткісі келмеді. Олардың екінші әйелін жақтырмайтыны айтпаса да белгілі, Назира да оларды аса ұнатпайды.

Кешігіп келе жатқан Асқар әуелі трассаға шықты, сосын бірнеше шақырымнан соң топырақ жолға түсті. Жолын қысқартып, атамекен төсімен басып өтпек.

Қар әлі толық ерімесе де, жер дегдіп қалыпты. Алыстан тек төбелердің теріскей беткейлері ғана ағараңдап жылтырайды. Олардың арғы жағында тас бұлағы қайнаған қайың тоғайлы шатқал тығылып жатыр. Жоғары сыныптарда Дәулет екеуі жаз бойы сонда барып тұратын. Мотоциклмен келіп, бұлақта ау құрып, мұздай суға шомылатын. Қыздарды қыдыртып, алау жағып, таңды көзбен атыратын. Асқар таныс төбенің жанынан өтіп келе жатып, бірнеше көліктен қалған протектор іздерін байқады. Әдетте мұндай уақытта бұл жерге ешкім келмейтін. Төбеге көтеріліп шыққанда ол бірнеше жеңіл автокөлік пен бір бульдозерді көрді. Асқар шатқалдан төмен түсіп, көліктердің қасына тоқтады. Көліктен асықпай шығып, бір топ еркектің жанына келіп:

– Сәлеметсіздер ме? – деп амандасты.

– Амансыз ба? Сіз дизайнерсіз бе? – деп сұрады ақ түсті құрылыс каскасын киген еркек.

– Жоқ, мен депутатпын, – деп маңғаздана жауап берді Асқар. – Бұл жерде не болып жатыр?

– Демалыс орнын салып жатырмыз, – деді еркек, – құжаттарымыз дұрыс.

– Қандай мекемеден боласыңдар? – деп сұрады Дәулет.

Перейти на страницу:

Все книги серии Zerde Publishing

Нет соединения с сервером, попробуйте зайти чуть позже