Нұржан келісімен кішкене шөлмекті барақ қасындағы қалың қарға тығып қойды да:

– Ертең бас жазамыз, – деді.

Төртеуі асықпай тамақ жеп, әңгімелесіп отырып, бірінші шөлмекті ішіп алды. Екіншісін ішіп бітіргенде еркектер бірін-бірі тыңдаудан қалды. Димон билеуге талпынды. Нұржан адамзаттың барлық күнәсін Қазыбекке жауып, оны боқтаумен болды. Степаныч ақырын, мұрнының астынан ән салуға кірісті. Дәулет өз орнына жатып, қалғи бастады. Біраздан соң үшінші шөлмек ашылып жатты.

Дәулет түн ішінде қорылдан оянды. Терезеден бөлмеге аппақ қар нұрымен араласқан айдың жарығы түсіп тұр. Димон өз орнында тыныш ұйықтап жатыр. Нұржан шалқасынан түсіп, қатты қорылға басыпты. Дәулет оны қолынан түртіп еді, Нұржан қырына аунап жатып, тыныштала қалды. Степаныч пеш пен үстел арасындағы еденде ұйықтап қалыпты. Дәулет оны қолтығынан сүйеп, орнына жатқызбақ еді, Степаныч бірдеңе деп бұрқылдап, мұны итеріп, қарсыласып бақты. Дәулет шалды жатқан орнында көрпемен жауып, басының астына жастық қойды.

Жаңа түскен қар аяқ астында жылтырап жатыр. Дәулет маңызды бір нәрсесін жоғалтып алғандай сезімде болды. Жаңа жылдың алғашқы түнін өткізіп алғаны ма? Мазаланатын нәрсе ме бұл өзі?

Дәулет ақырын есігін ашып, қой жатқан қашарды тексерді. Сосын жылқыларға барды. Жануарлар алаңсыз ұйқыға берілген. Сағатқа қараса, төрт жарым. Дәулет бараққа оралып, пешке көмір салып, қайта жатып, ұйықтап кетті.

Ол қатты айғайдан оянды. Көзін ашқанда бөлмеге жүгіріп кірген Димон Степанычты бүйірден бір тепті.

– Ей, не істеп жатырсың? – деп ақырып, Дәулет орнынан ұшып тұрды.

Артынша үйге Нұржан да кіріп, Степанычты бар күшімен ішінен тепті. Степаныч аһылап, бүгіліп, жиырылды да қалды. Екеуі бірге Степанычты тепкілеуге кірісті.

– Жігіттер, тоқтаңдар, – деген Дәулеттің ащы дауысы шықты. Бірақ олардың бұған құлақ асар түрі көрінбейді.

Дәулет Нұржанды Степанычтан айырғысы келіп, қолынан жұлқыды.

– Бөгет болма, ары тұр, – деді Нұржан ашуланып.

– Не болды? Не үшін? – деп айғайлады Дәулет.

– Бас жазуға қалдырған самогонды ішіп қойыпты, оңбаған! – деді Димон, тағы да Степанычтың ішінен теуіп.

– Оны мен ішіп қойдым, – деді Дәулет жігіттерді тоқтату үшін.

Жігіттер бір сәт кідіріп, Дәулетке тесіле қарады.

– Өтірік! – деді Нұржан. – Әне, шөлмек қайда жатыр, – деп, ол Степанычтың жанында жатқан шөлмекті көрсетті.

– Оны бас жазуға әдейі қалдырғанымызды Степаныч білген жоқ. Сен оны тыққанда жанымызда болмады ғой, – деді Дәулет.

Димон мен Нұржан тоқтап қалып, бір-біріне қарады да, далаға шығып кетті. Дәулет шалды еденнен сүйемелдеп тұрғызып, кереуетке апарып жатқызды. Степаныч үн шығармай, көзін көлегейлеп, бүрісіп жата қалды. Дәулет су әкеліп, оның беті-қолындағы қан іздерін жуып тастады. Сосын дорбасына азығын салып, киініп, далаға шықты. Қашардың жанында тұрған Димон мен Нұржанға тіс жармай, қойларды шығарып, жар жақтағы жайылымға айдап кетті.

<p>XXIII</p>

Келесі күні Дәулет қырылдаған дыбыстан оянды. Тұрып, Степанычтың кереуетіне барса, ол аузын ашқан күйі денесін жебедей созып, қозғалыссыз жатыр екен. Степанычтың жүзіне жақындап, оның бақилық болғанын аңдатқан белгілерді танығанда әлдекім өне бойынан суық сым суырып алғандай болды. Дәулет әуелі оның көздерін, сосын аузын жапты.

– Ақыры бейнеттен құтылды, – деді Дәулет дауысы дірілдеп.

– Не болды? – деп сұрады ұйқылы-ояу Димон.

– Степаныч жан тапсырды, – деп, Дәулет иығына күрткесін іліп, шығып кетті. Жылқы қашарына кіріп, жылап жіберді. Атасы дүние салған күн есіне түсті. Ол да таң ата қайтыс болған. Дәулет соны сезгендей, ерте оянып кеткен еді. Қасына келіп, қолын ұстады. Атасы ризашылығын білдіріп, батасын берді. Ал келесі сәт қырылдаған дем шығарып, аузын ашып, сұрланып, үндемей қалған.

Дәулет күрең аттың жалына жабысып, қатты жылады. Жылқы оны жұбатқандай тұмсығын бетіне сүйкеді.

Сол күні Дәулет қараусыз қалған мазарға барып қайтуды ұйғарды. Ерегіскендей қар жаууын қоймай, даланы тұман басты. Соған қарамай, Дәулет қойды айдап шықты. Қойлар әзер қозғалып, қалың қарға омбығып, маңырай берді. Түске қарай Дәулет өзі де шаршады. Жануарлар қарсылық білдіргендей бір орында тұрып қалды. Дәулет таяғымен даланы зерттеуге кірісті. Біраз айналсоқтап, фермаға баратын жолды тапты.

– Жоқ, үйге қайтуға болмайды! – деп айғайлады Дәулет отарды қайтуға бастаған серкеге. Серке оған бір бұрылып қарады, алған бетінен танбады.

– Не істесеңдер де, өздерің біліңдер! – деп, Дәулет артына қарамай, шығыс жаққа омбы қармен тартып кетті.

Степаныч қайтыс болды. Жан досы Асқар оны құлдыққа сатып жіберді.

Біраз жүріп, Дәулет артына қарады: қойлар серкеге ермей, дөңгеленіп тұрып қалыпты. Ол еріксіз отарға қайтып барды. Келе жатқанда Фишер-Спасскийдің жиырма бірінші партиясының шешімі өзінен-өзі ойына түсті.

– Соншама оңай болғаны ма?! – деп айғайлады Дәулет, отарға жақындап. Қой бір дүрлігіп алды, бірақ Дәулетті танып, сабасына түсті.

Перейти на страницу:

Все книги серии Zerde Publishing

Нет соединения с сервером, попробуйте зайти чуть позже