– Guten Tag, Oma! Ist Ritka zu Hause? – деп, онымен екі рет амандасты Асқар. Ома бірдеңе деп жауап берді. Асқар оның айтқанын түсінбесе де, Ритканың үйде жоқ екенін ұқты. Егер Ритка үйде болса, Ома есікті ашып:

– Ritka, komm raus! Jemand wartet auf dich, – деп айтушы еді. Сонда Ритка шығушы еді.

Ритка кеш батқанда Айсұлумен бірге келді. Айсұлуды көріп, Асқар шарбақтың артына тығыла қалды.

Қыздар күліп, бір хат туралы әңгімелесіп келеді:

– Ертең мектепте оған беремін. Сау бол! – деді Ритка.

– Рақмет, Ритка! Сау бол! – деп Айсұлу да қоштасып, өз жолымен кетті.

Асқар білдіртпей оның артынан еріп, үйіне дейін шығарып салды. Сосын қайтып келіп, Ритканың терезесіне тас лақтырды. Ритка терезенің желкөзін ашып:

– Бұл кім? – деп дауыстады.

– Мен ғой, Асқар.

– Асқарик? Неғып далада тұрсың? Салқын ғой, үйге кір, – деп шақырды Ритка.

– Жоқ, мен Омадан қорқамын, аулаға шықшы, – деп өтінді Асқар.

Ритка пердені жауып, ернін қызғылт далаппен бояды да, жемпірін киіп, далаға шықты.

– Асқарик, кірсеңші үйге, салқындау екен, – деп қайталады Ритка, қақпаға жақындап.

– Салқын емес, – деп, ұяла жымиды Асқар.

Өзі әңгімені неден бастарын білмей сасып қалды:

– Қалың қалай?

– Есің дұрыс па? Біз бүгін мектепте кездестік қой.

– Айсұлу сенімен каратеге барып жүр ме? – деп сұрады Асқар.

– Жоқ, бармайды, неге сұрадың? – деді Ритка.

– Оған сен арқылы бірдеңе беріп жіберейін деп едім, – деп, Асқар көзін бұрып әкетіп, қалтасынан барқыт қорапша шығарды, – мынаны бере салшы.

– Сендердің, не, миларың айналып кеткен бе?! – деп ашуланды Ритка. Сосын қорапшаны алып, қоштаспай, есікке қарай асықты.

Дәл сол кезде есік алдына Ома шығып:

– Ritka, mach Kalitka zu! – деп бұйрық берді.

Ритка қақпаға оралып, оны темір ысырмамен бекітті.

Келесі күні сабақта Асқар өзі беріп жіберген жүзікті киер ме екен деп Айсұлуды бақылаумен болды. Қолына қарай берді. Соңғы сабақтың алдында Ритка қорапшаны қайтарып:

– Алмады, – деді.

Асқар оған сенбей, сабақтан соң кешке дейін Айсұлудың үйінің қасындағы қораға шығып алып, қызды бақылады. Енді кете берейін дегенде үйге жақындаған Дәулетті байқады. Дәулет бір рет ысқырып еді, бірден есіктен сәнді киінген, шашын бұйралап алған Айсұлу көрінді. Дәулет екеуі қол ұстасып, клубқа қарай бет алды. Асқар білдіртпей олардың артынан ерді, анда-санда Дәулеттің баяу қоңыр дауысын, Айсұлудың сыңғырлаған күлкісін естіп қалады. Екеуі клубқа кірген соң Асқар үйіне келіп, қорадағы шөпке тығылып, ұзақ жылады. Намысына тигені қыздың немқұрайдылығы ма, әлде досының сатқындығы ма? Айсұлуға ғашық болғанын жан досына айтқан өзі ақымақ! Бірақ Асқардың да Дәулетті сатқаны бар. Екі жыл бұрын ақпанда… Оған жала жапты. Қорыққанынан тергеушінің айтқанын сөзбе-сөз жазды. Енді сол үшін сазайын тартқаны ма? Асқар қайтадан жылап жіберді. Біраздан соң аласұрғанын басып, киноға барғаны ештеңе емес, мүмкін, Айсұлу онымен де баруға келісер деген оймен өзін жұбатып алды.

Асқар клубтың қасына қайтып келді. Екеуінің кинодан шыққанын көрген соң сырттарынан аңдуға көшті. Қыздың үйінің жанында Дәулет Айсұлудың қолынан ұстап, өзіне тартты. Асқар қыздың Дәулетті итеріп жіберуін шыдамсыздана күтті. Бірақ Айсұлу қарсыласпады да, оны құшақтап, аймаласа кетті.

* * *

Айсұлу екеуі киноға бара жатқанда Дәулет оларды аңдып келе жатқан Асқарды байқап, ақырын сөйлеуге тырысты. Досы олардың әңгімесін естігенін қаламады. Асқарға қанша ашуланса да, Дәулет өзін кінәлі сезінді, өйткені Асқар Айсұлуға сезімін бірінші болып білдірген.

Бірақ Асқар өздерін кинодан кейін де аңдиды деп ойламаған. Ол досын абайсызда көріп қалды. Айсұлу екеуі аймаласып тұрып, бір сәтке көзін ашқанда, шарбақтан қылтиған Асқардың басын аңғарды. Сол жерде ашуланып, Айсұлудың қолын қаттырақ қысып жібергенін де байқамады. Айсұлу ауырсынып, құшағынан сытылып шығып, үйінің есігіне қарай асықты.

– Айсұлу! – деп Дәулет таңдана дауыстаған, бірақ қыз қайта артына бұрылмады.

Дәулет Асқардың соңынан ұмтылып, сазайын бергісі-ақ келді. Бірақ Асқар лезде тайып тұрыпты. «Ештеңе етпейді, күтпеген жеріңнен ұстаймын» деп шешті Дәулет. Біраздан соң Айсұлудың кірпігі, ерні есіне түсіп, Дәулеттің ашуы тарқап сала берді. Үйге қалай жеткенін байқамай, шешініп, төсекке жата кетті. Таңертеңге дейін досы туралы ұмытты. Тек атасы:

– Немене, Асқармен араздасып қалдың ба? Саған кірмей, мектепке жалғыз кетті, – дегенде ғана есіне алды.

– Жоқ, ата, оған мектепке ертерек бару керек болатын, – деп жауап таба қойды Дәулет.

Перейти на страницу:

Все книги серии Zerde Publishing

Нет соединения с сервером, попробуйте зайти чуть позже