– Дұрыс, тіс жармау керек, – деп келісті Дәулет. – Бірдеңе десем, тілім сал болып қалсын! – Ол тілін шығарды. Бұл балалық серттің мына жағдайда салмақсыз шыққанын іштей түйсінген екеуі енді ыңғайсыз күйден тезірек арылуға тырысты.

– Атаңа айтушы болма! – деді Асқар.

– Тіс жармаймын, – деді Дәулет жұлып алғандай.

Балалар алдымен есірткіні басқа жерге тығу керек деп ұйғарды. Сосын Дәулеттің қорасына барып, жертөледен сөмке салынған пакетті шығарып, бұзылған үйге апарып көміп тастады.

Түскі ас ішіп отырып, Дәулет терезеден Асқардың үйінің қасына тоқтаған милиция «Уазигін» көрді. Ол атып тұрып, атасының ескертуіне құлақ аспай, далаға жүгіріп шықты. Біраз тұрып, Асқарды кісендеп алып шыққанын көрді. Асқар Дәулетке қарап, ақырын тілін шығарып, белгі бергендей ишара жасады. Дәулет оған басын изеді де, досының мынадай халде өзін ұстай білгеніне таңданған күйі қала берді.

<p>XI</p>

Дәулет көлікпен жаңа үйдің жерасты тұрағына кіргенде ғана оянды. Джиптен шыққан Асқар жүргізушімен қоштасып, Дәулетті ертіп, лифтіге кірді. Лифт тоғызыншы қабатта тоқтады. Пәтердің есігін сүйкімді жүзіне әлдебір қаяу мұң ұялаған, аққұба келіншек ашты.

– Асқар? – деп, келіншектің өңі бұзылып кетті.

– Иә, мен. Балаларды сағындым. – Асқар есікті шалқайта ашты. – Жоғары шық, Дәуке, – деді.

– Райхан, сәлем! – деп ыңғайсыздана амандасты Дәулет.

– Дәулет?! – деп қуанып қалды келіншек. – Мен сізді тойдан бері көрген жоқпын, үйде сіздің көп суретіңіз бар. Жоғары шығыңыз. Сосын Асқарға қарап: «Балалар ұйықтап жатыр, қонақ бөлмеге өтіңдер, мен таңғы ас дайындайын», – деді.

– Мен барып, жуынып алайын, таза жейде әкел, – деді Асқар, бөлмеге кіріп.

– Жайырақ сөйле, балалар ұйықтап жатыр, – деді Райхан.

Дәулет жайлы, үлкен диванға шалқая отырып, жан-жағына қарады. Қабырғада – балалардың фотолары мен суреттері. Еденде – төсеме кілем. Сөрелерде – кітаптар, ойыншықтар, альбомдар. Үстелде – ойынға арналған ЖК-монитор. Дәулет орнынан тұрып, терезеге қарады. Тоғызыншы қабаттан қарағанда кірпіштен салынған биік дуал екі әлемді бөліп тұрған жуан сызық іспеттес көрінеді екен. Түп-түзу жүргізілген қырлы кеспе тасты жаңа аула дуалдың бергі жағында қалған. Арғы жағынан бейберекет салынған бес қабатты үйлер, кетілген асфальттар көрінеді. Тот басқан магистральды құбырдан қоршаумен бөлінген жерде қоқыс салатын су жаңа екі контейнер тұр. Сырт кейпі панасыз жандарға келетін екі еркек ішіндегі қоқысты ақтарып әлек. Тапқан олжаларын жандарына жинап, әкетуге лайықтап қойыпты: бірнеше шөлмек пен іші толған екі пакет.

– Таңғы асқа келіңдер, – деген Райханның дауысын естіп, Дәулет асүйге кірді.

– Бұл жерде жолды мүлдем жөндемейтін сияқты, – деп, көргенімен бөлісті Дәулет.

– Қаланың шеті бұдан да жаман, оның қасында біздікі «люкс», – деп күле жауап қатты Райхан.

Дәулет жайылып тұрған домалақ дастарқан басына жайғасты. Біраздан соң таза жейдесін киіп, шашы дымқыл қалпы Асқар да келді. Райхан еркектерге шай құйып, ыстық құймақ салып, бал мен қаймақты жақындатып қойды да, балаларын оятуға кетті. Бір сәтке Дәулет көп жыл бұрынғы үйлену тойында көрген Райханды танығандай болды. Шай құйып, дастарқан жайып жүргенде оның қабағы ашылып, үстел басында отырған Асқарға күлімсіреп қарағандай көрінді.

– Келіншегің икемді екен, үй жайнап тұр, тағамы да дәмді.

– Одан басқа істейтін жұмысы жоқ, толық қамтамасыз етіп жатырмын, – деді Асқар.

– Папа! Папа! – деп, бөлмеге он жасар ұл бала, артынан одан кішірек қыз бала жүгіріп кірді.

Шыңғыс әкесінің жанына, ал Мадина тізесіне отырды.

– Амандастыңдар ма? Енді барып, жуынып келіңдер! – деді асүйге кірген Райхан.

– Үлкен бөлмеде сыйлықтар күтіп тұр, – деген Асқардың ақпаратынан кейін балалар ұшып түрегеліп, жүгіріп кетті.

– Ұзақ боласыңдар ма? – деп сұрады Райхан.

– Тамақтанып алып, жол жүреміз, – деді Асқар, – жұмыс бастан асады.

Райхан оған кінәлай қарады.

– Конверт әдеттегідей, сауыттың астында, – деп ескертті Асқар.

Келіншек басын изеді.

Асқар балаларымен қоштасқанда Дәулет Райханның қабағы қайта түйілгенін аңғарды.

Бұл жолы Асқар көліктің рөліне өзі отырды. Джиптің терезесінен Дәулет қоқыс маңайындағы екі еркекті көрді. Тек енді олар үшеуге толығыпты: үшіншісі – егделеу әйел. Бәрі жабылып жиған-тергендерін қытай сөмкесіне тықпалап жатыр. Шығып келе жатқан көлікті байқап, еркектер төмен қарап, әйел басындағы қызыл кепкесін түзеткен болып, теріс айналды. Асқар көліктің әйнегін түсіріп:

– Әй, оңбағандар, жоғалыңдар бұл жерден, ендігәрі көрсем, аяқтарыңды сындырамын! – деп ақырып, олар жаққа қарата бір түкірді де, боқтап жіберді.

Сөмкелерін асығыс сүйреткен күйі үшеуі бес қабатты үйлер жаққа асықты.

– Не деген қатыгез едің! – деп таңғалды Дәулет.

– Ауруды тарататын, балаларға қауіп төндіретін – осылар! – деп сыздықтай үн қатты Асқар.

– Түрлі жағдай болмай ма? Олар еш заңды бұзып жатқан жоқ қой, – деп ерегісті Дәулет.

– Айттым ғой, ауру тарататын – осылар. – Асқар Дәулетке шұқшия қарады да, қолын бір сілтеді. – Әй, қойшы соларды!

– Байқағаным, жолдарды кей жерлерде кеңес уақытынан бері жөндемеген, – деді Дәулет, көлік кезекті бір шұқырдан секіргенде.

Перейти на страницу:

Все книги серии Zerde Publishing

Нет соединения с сервером, попробуйте зайти чуть позже