Кешкі астан кейін Иван оларды «Жигулиіне» отырғызып, аудан орталығындағы автобекетке апарып салды. Онда Жәкен немересімен бірге Жезқазғанға баратын автобусқа отырды.

<p>XIII</p>

Дәулет ЦУМ-ға қарай тартты: оның ішінде банкомат болуы керек. Екі жыл бойы Дәулет сақтап қойған ақшасының арқасында қарызға батпай күн көріп жүрді. Өз есебі бойынша, әлі де елу мыңдай теңгесі мен бірнеше жүз доллары қалуға тиіс.

Орталық кіреберістің алдында сары сырмалы күртешесінің үстіне ақ алжапқыш киген сүйкімді қыз балмұздақ сатып тұр. Қарама-қарсы бетте ыстық сусындар мен нан өнімдерін сататын жылжымалы дүкен орналасқан. Дәулетті Алматыдағыға қарағанда екі есе төмен бағалар таңғалдырды. Ғимаратқа кірген Дәулет өзін тоқсаныншы жылдардың аяғына қайта тап болғандай сезінді. Бутиктердің көбі баяғы барахолкадағы сауда қатарларына ұқсас: заттар сату сөресінде үйіліп жатыр, тек кейбір үлгілері ғана қабырғада ілулі тұр. Дәулет екі қабатты аралап шығып, банкомат таба алмады. Күзетшіден сұрап еді, ол Дәулетті төменгі қабатқа жіберді. Мұнда баспалдақ астындағы қуыста бірнеше банкомат тұр екен. Дәулет карточкасын банкоматқа салып, кодын теріп еді, дисплейге мерзімі өтіп кетті деген ақпарат шықты. Бағына қарай сыртқа шыққанда ол өз банкінің бөлімшесін байқап қалды.

Банкке кіре бергені сол еді, алдынан шыққан қыз:

– Сізге көмек керек пе? – деп сұрады.

– Теңгелей және валюталық шотымды тексерейін деп едім.

Қыз жанында тұрған автоматтың түймешігін басып еді, одан талон шықты.

– Отырыңыз, кезегіңізді күтіңіз, – деп, ол Дәулетке талонды берді. «Нөміріңіз шыққанда менеджерге барасыз», – деп, қабырғада ілініп тұрған мониторды көрсетті. Сосын: «Біздің қосымшамызды смартфоныңызға көшіріп алып, шотыңызды басқара аласыз», – деп селқостау мәлімдеді де, сықиып киінген жаңа клиентке ауысып кетті.

Дәулет орындыққа отырды. Көлемі аз ғана шаршыдан тұратын бөлме барынша іске тиімді етіп ұйымдастырылған екен: Париждің мейрамханаларындағыдай бірталай адам алақандай жерде сыйысып отыр. Дәулеттің оң жағындағы бір-біріне тиіп тұрған үш үстелдің басында үш менеджер клиенттерді қабылдап жатыр. Шетте – кезек күтушілерге арналған ала түсті орындықтар. Сол жақта – бірнеше терминал, қоршалған касса және талон беретін автомат. Оның қасында қарсы алушы қыз жүр. Есіктің сыртында тапаншалы қабын асынған күзетші тұр.

Дәулет еріксіз жақын тұрған үстел басындағы әңгімені естіп отырды. Көзін жыпылықтатқан қуыршақ кірпікті менеджер қыз өңі тайған жүдеу жігітке қарап:

– Сіз бұдан бұрын бізден кредит алып па едіңіз? – деп сұрады.

Жігіттің өңі қашыңқырай түсіп, орындыққа тығылған күйі:

– Иә, екі рет алдым, – деді.

– Куәлігіңізді беріңізші, – деді қыз.

Жігіт құжатын берді. Менеджер оны сканерден өткізіп, енгізу пернесін басып, жігітке бұрылды. Жігіт бүрісе қалды.

– Күте тұрыңыз, дербес деректер енгізіліп жатыр.

Жігіт демін басып, түзеліп отырды. Қыз қолына смартфонын алып, өзімен-өзі түрткілеуге кірісті.

– Раушан! – деп ескерту жасады көрші үстелдегі менеджер. Қыз телефонды дауыссыз режімге қойып, үстелдің жылжымалы жәшігіне сала қойды.

– Сіздің төленбеген кредитіңіз бар екен, Самат Аманжолович, – деді Раушан, мониторға қарап. – Мәліметтеріңізді тексерейік. Қайда жұмыс істейсіз?

– «Сто граней» ЖШС, – деп міңгірледі жігіт.

– Табысыңыз өзгерді ме? Сексен мың ба? – деп сұрады Раушан.

– Жоқ, жалақымды көбейтті, тоқсан бес мың, – деді жігіт.

– Жақсы, түзетейін. Кредит төлей алатыныңызды дәлелдейтін екі адамды атай аласыз ба?

– Бар еді ғой… Тағы екеуі керек пе?

– Қазір көрейік… Соларды қалдырайын ба?

– Иә, қалдырыңыз, – деді жігіт.

– Мен сіздің сауалнамаңызды толтырып, бастықтарға жібердім. Ол екі деңгейдегі мақұлдаудан өтуі керек. Кредит бермеуі де мүмкін. Ана жерде отырып, тоса тұрыңыз, – деп, Раушан шақыру түймешегін басты.

Мониторда келесі нөмір шықты, жігіттің орнына елулерге келген әйел отырды.

– Амансың ба, қызым? Мен кредит алайын деп едім, – деді ол.

– Сәлеметсіз бе? Қанша?

– Егер менің айлығым қырық бес мың болса, қанша алуға болады? Бес жылға бес жүз мың алуға бола ма? – деп сұрады әйел. Сосын: «Баламның үйлену тойына керек еді», – деп, Раушанға қарады.

Біраздан соң менеджер әйелден банк шешімін тоса тұруын өтініп, жігітті шақырды.

– Самат Аманжолович, өкінішке орай, кредитіңіз мақұлданбады. Алдыңғы кредитіңізді төлеп, қайта келуіңізге болады. Өтейтін сомаңыз екі жүз мың жетпіс үш теңгені құрайды.

Жігіт қолын бір сермеп, орындықтан тұрды.

– Бірақ сіздің кредит тарихыңыз жақсы, – деп, кірпігін қаққыштап, күлімсіреген Раушан оны үміттендірмекке әрекеттенді.

Бірақ жігіт оның сөзіне құлақ қоймастан шығып кетті.

Дәулеттің кезегі жеткенше, Раушан тағы екі адамға кредиті мақұлданбағанын жеткізді. Баласының тойына бес жүз мың сұраған әйелге кредит берілді. Оны естіген әйел қуанып, қызға алғысын жаудырып, батасын берді. Раушан жымиып, қолын жайып:

– Әумин! – деді.

Дәулет басқа менеджерге түсті. Бейдждегі оның есімі Темірлан екен. Дәулеттің мобильді телефоны жоқ екенін білген жігіт таңданыс білдірді.

– Қағазға түсіріп беріңіз, – деп ұсыныс жасады Дәулет.

Перейти на страницу:

Все книги серии Zerde Publishing

Нет соединения с сервером, попробуйте зайти чуть позже