Біраздан соң кабинетке бір апта бұрын мектептен Қанатты қамауға алып кеткен еркек кірді. Бұл жолы лейтенант формасын киген.
– Куәгер кәмелетке толмаған, сіздің қатысуыңыз керек, – деді оған Шәріпов.
– Мен оны алып келгенін білмедім, – деді лейтенант, Асқарға қарама-қарсы орындыққа отырып. Сосын:
– Шешесі дәлізде отыр, шақырайын ба? – деді.
– Әрине, шақырыңыз.
Кабинетке Хадиша кірді. Асқардың қолындағы кісенді шешкенін көріп, еркектерге үміттене қарап, ақырын ғана амандасты.
– Сәлеметсіз бе? – деді тергеуші. – Менің атым майор Шәріпов, облыстық қылмыстық істер бөлімінен келдім. Бекішев Қанаттың өліміне қатысты істі тергеймін. Бұл қылмыс туралы білесіз бе?
– Әрине, – деді Хадиша.
– Отырыңыз, – деді майор, есіктің қасындағы орындықты көрсетіп.
– Балаңыз кәмелетке толмаған, мұнда куәгер ретінде шақырылды. Сіз жауап алу барысында қатысасыз.
Хадиша отырды. Шәріпов Асқарға бұрылып:
– Түнде Бекішев Қанаттың үйінің жанында не істедің? – деп сұрады.
– Мен онымен сөйлесіп, жағдайын білейін дедім.
– Неге түн ішінде бардың?
– Біз оған кешке келгенбіз, бірақ Оспан аға кіргізбеді, – деді Асқар, ақырын мамасына қарап. Хадиша басын изеп, оны қолдады.
– Біз дегенің кім? – деп сұрады тергеуші, Асқар мен Хадишаға қарап.
– Мен және менің досым Дәулет, – деп батылырақ жауап берді Асқар.
– Досыңның толық аты-жөні қалай? – деп, тергеуші қолына қалам алды.
– Алтаев Дәулет, менің досым әрі сыныптасым.
Шәріпов Дәулеттің аты-жөнін кітапшасына жазып алды.
– Әрі қарай не болды? Сосын түнде бардыңдар ма?
– Жоқ, біз оған сағат онда бардық, бірақ ол сөйлескісі келмеді, сол себептен кешірек кіріп шығуды ұйғардым, – деп, Асқар қайтадан Хадишаға бұрылды.
– Неше рет бардыңдар? – деп сұрады Шәріпов.
– Үш рет: кешкі жетілерде, онда, сосын сағаттың неше екенін білмеймін, түнге қарай.
– Түнде екеуің бардыңдар ма? – деп анықтай түсті тергеуші, Асқарға тесіле қарап.
– Жоқ, соңғы рет жалғыз өзім бардым, – деді Асқар, басын төмен салбыратып.
– Оны не үшін өлтірдің? – деді кенет тергеуші.
– Мен ешкімді өлтірген жоқпын! – деп, Асқар орнынан ұшып тұрды.
Балалар мектептен шулап жүгіріп шығып, спорт алаңына асықты. Ол жерде көп ұзамай қар атысы басталды. Есіктен топ-тобымен шыққан балалар атысқа қосыла берді. Түнімен жауған алғашқы қар омбыланып, балаларға нағыз қуаныш алаңын сыйлады. Шуылдаған ұл мен қыз қардың үстінде аунап мәз-мейрам. Дәулет те басқалардан қалмай сыныптас қыздарын қарға бір-бір аунатып алды. Өзінің де желкесі қарға толды. Енді Риткаға жақындап келе жатқанда жалғыз өзі еңсесі түсіп үйіне қайтып бара жатқан Асқарды байқады.
– Асқар! Асқарик! – деп, Дәулет досын бірнеше рет шақырды. Сосын иыққабын иығына іліп, оның артынан жүгірді.
Оны естіген Асқар одан сайын тезірек жүре бастады. Дәулет досын қуып жетіп, арқасына секіріп мінді де, қарға аунатты.
– Кетші әрі! – деді Асқар ызаланып. Жерден тұрып, досын итеріп жіберді.
– Не болды? Батя келіп кетті ме? – деп сұрады Дәулет, Асқардың маңдайындағы шашы жасырған ісікті байқап.
– Жоқ, өзім ұрып алдым, – деді Асқар, кекілімен маңдайын жауып. Сосын қарға отырып, төмен қарап:
– Қанатты өлтіріп кетіпті, – деді.
– Не? Оны қайдан білесің?
– Мен түнде оған бардым, сен кетіп қалғанда…
– Иә, сосын?
– Ол қорада дем ала алмай жатты, кеудесінде пышақ…
– Мәссаған! – Дәулет суық хабар лебінен демін әзер алғандай, досының қасына отыра кетті.
– Оны кім өлтірді?
– Мен қайдан білейін?!
– Сен бәрін рет-ретімен айтып берші, – деп, бір уақытта Дәулет жерден тұрып, Асқарға қолын созды. – Мүмкін, саған елестеген шығар. Жүр, үйіңе барайық.
– Иә… елестей қояр… Неменесіне барып едім! Жағдайды біле қояйын деп…
– Иә…
– Ойымда ештеңе жоқ, барып, терезесін қақтым. Кана жауап берді, мен есікке қарай бара бергенмін…
– Сосын?
– Сосын біреу маған бас салып, соғып жіберді, – деп, Асқар шашын көтеріп, маңдайындағы ісікті анықтап көрсетті.
– Мәссаған!
Екеуі көшеден бұрылып, құлап жатқан үйге кіріп, картон жабылған темір кереуетке отырды.
– Есімді жинағанда басым қатты ауырып тұрды. Қанат көрінбейді. Қарасам, қора жаққа бастайтын іздер жатыр. Солай қарай барсам, – деді Асқар дірілдеген дауыспен, – еденде ішкиімімен Қанат жатыр, кеудесінде пышақ…
Асқар қолымен бетін жауып, жылап жіберді.
– Жүр, Қанатқа барайық, саған елестеген шығар, – деді Дәулет, әлі де сенбей.
– Өзім де сенгім келмеді, Қанатты қимадым. Таңертең бара жатсам, даладан Майра тәтенің дауыстап жылағаны естілді, – деді Асқар жыламсырап. – Көршілер жиналып қалыпты.
Дәулет те бетін бұрып, жылап жіберді. Сосын атып тұрып:
– Таптым! Бәрін атама айту керек, содан кейін не болса о болсын!
– Жындысың ба? Бізді де өлтіріп тастасын дейсің бе? Кананың өлімі біздің мойнымызда… Ұмытпа!
– Ол туралы ойламаппын, – деп келісті Дәулет.
– Біз туралы ешкім білмейді, әйтпесе баяғыда қолға түсуші едік!
– Дұрыс айтасың, есірткі туралы білгенде, бізді де баяғыда… – деп, отыра қалды Дәулет.
– Мен таң атқанша ұйықтай алмадым. Есірткі туралы үндемеу керек, әйтпесе сені де, мені де өлтіреді, – деді Асқар. – Аузыңа берік боламын деп серт бер.