– Мұнда Астанадағы жолдар деп пе едің май шелпектен жасалған?!
– Иә, ауылдағыдай тарс-тұрс екен…
– Әлде халықаралық компаниядағы жол қатынастары деп пе едің?! – деді Асқар, енді мысқылдай қалып. – Нағыз тіршілік күресі осында!
– Оның рас… Айтпақшы, сенің фермаң қайда осы?
– Ферма менікі емес… менің әріптестерімдікі. Бұл өзі – күрделі нәрсе, бір жартысыз ұғына алмайсың дегендей… Мен сені пәтерге апарып тастайын, біраз демалып ал, сосын фермаға барамыз.
– Жоға, үйде отырып не бітіремін? Одан да көшеде біраз қыдырып қайтайын. Өзің жұмыстарыңмен айналыса бер. Мені ЦУМ-ның қасына түсіріп кете сал.
– Онда екі сағаттан кейін осы жерде кездесеміз, – деді Асқар, көлікті тоқтатып.
Асқарды алып кеткен соң атасы Дәулетке үйде отыруды бұйырып, өзі милицияға кетті. Жазира апаға баланы ешқайда жібермеуді тағы тапсырды.
– Ассалаумағалейкүм, Жәке! – деп қарсы алды оны милиция бастығы, орта бойлы, арықтау келген, капитан шеніндегі еркек.
– Уағалейкүмассалам! Қалың қалай, Ғалымжан? Үй іші, бала-шаға аман ба?
– Құдайға шүкір, – деді Ғалымжан, шалдың қолын алып.
– Не болып кетті өзі?.. Балаларды қамайтын, өлтіретін заман келгені ме? – деп күрсінді Жәкен.
– Бұл іске кіріспеңіз, Жәке. Кесірі сізге де, немереңізге де тиіп кетуі мүмкін.
– Дәулеттің қандай қатысы бар? – Шалдың ащы дауысы шықты.
– Асқар Иманқұлов оған қарсы мәліметтер беріп жатыр. Екеуі дос сияқты еді ғой? – деді капитан, қолымен орындықты меңзеп.
– Қайдағы мәліметтер? – деді Жәкен, отырып.
– Оны білмеймін, сіздің немереңізді де қамауы мүмкін.
– Есің дұрыс па? Не үшін? – Шал орындықтан ұшып тұрды.
– Асқар мен Дәулет күдікті, олардың іздерін Бекішев Қанатты өлтірген қораның жанынан тауыпты.
– Олар Қанатты не үшін өлтіреді? Ол баланы сен кеше ғана ақтап, босатып едің ғой. Қателік шықты деп айтқан өзің емес пе?!
– Мұндай болатынын білсем, босатпаушы едім. Оның ағасы Евлоевтармен байланысты, қалаға есірткі тасумен айналысыпты. Ал бала бірдеңені көріп қойған ба, әлде ұрлап алған ба… Иманқұлов пен сіздің немереңіз оның жанында біраз айналсоқтап жүрді дейді. Бүгін облыстан тергеуші келді. Шыны керек, менің өзіме де араласпа деп бұйырды, – деді Ғалымжан бүгежектеп.
– Сылтау тапқан екенсің. Ауылымызда балаларды қамап, өлтіріп жатқанда кіріспеймін де…
– Ойбай, ақсақал, мені айыптау оп-оңай сізге. «Есірткі», «дилер» деген сөздерді менің бірінші рет естігенім осы! Сайтан алғыр шөп! Евлоевтар да өз елінен безіп, мұнда не іздеп келді дейсіз? Ақмырзамен бір сыныпта оқығанбыз, жолдас та болдық. Бұлай боларын кім білген?! – деді Ғалымжан.
– Сонда біздің тағдырымыз қылмыскерлердің қолында болғаны ма?! Енді облыстан келген тергеуші шешеді де! – деп ашуланған Жәкен есікті тарс жауып, шығып кетті.
Милиция бөлімінен шыққан Жәкен поштаға барып, үйіне қоңырау шалды. Тұтқаны Жазира алды.
– Дәулетке жеткіз, жиналып, Ивандарға келсін, сонда күтіп отырамын, – деп қысқа қайырды Жәкен.
– Жәке, шынында, жағдай соншама қиын болғаны ма? – деп күйзеле тіл қатты Жазира.
– Кейін, Жазираш, уақыт тығыз, тезірек баланы жолға жинап, Иванға жібер. Есікке құлып сал да, қызыңның үйіне бар. Дәулетті облысқа өзім апарамын, жалғыз немеремді талатқызбаймын.
– Жәке, қалада Мұхтардікіне барыңдар, мен онымен хабарласайын, қарсы алады.
– Баратын үй бар, ұлыңды босқа әурелеме, – деп қорытты Жәкен.
– Айтқаның болсын, – деп күрсінді Жазира. – Ақ жол!
Бірде Тася апа Дәулетті ақпасу шұңқырынан құтқарып қалған. Сонда Дәулет шұңқырға түсіп кеткен дүрбісін аламын деп суға кете жаздады. Тася апа киімімен лас суға малшынып жүріп, оны алып шықты. Жиекте баланы құшақтап:
– Анасыз қиын-ау, қиын… – деген.
Дәулет оның құшағында ұзақ жылады. Тася апасы үндемей басынан сипап, күрсіне берді.
Бұл туралы Тася апа ешкімге тіс жармады, Дәулеттің де есіне түсірмеді. Шамасы, Дәулет өзі суға батқысы келді деп ойлады. Осы оқиғадан кейін Дәулет көршілерге жиі баратын болды. Тася апа оны қасына тамақ беріп отырғызып қойып, өз жұмысын істей беретін. Ол тоқыма тоқитын, іс тігетін немесе тамақ пісіріп, ыдыс-аяқ жуатын. Ешқашан ешқандай сұрақ қоймайтын.
Жазда Дәулет пен Асқар Тася апасының бақшасына жасырынып келіп, дәмді сәбіз, қызанақ пен ранетка жинайтын. Тася апай оларды байқаса да, байқамағандай болатын.
Иван мінезімен де, түрімен де Тасяға мүлдем кереғар. Алып денелі, ашық мінезді ол кеш сайын баянда ойнап, ән шырқайтын. Репертуарында түрлі әндер болатын, арасында романс пен частушка да бар. Көршілердің тойлары да Иванның асабалығынсыз өтпейді. Тася апа бір рюмка арақ ішкен соң Иванға қосылып, частушка айтады. Тұңғыш ұлдары Сергей екеуін өз үйіне көшіріп алып кеткенше, Иван мен Тася көп жыл бойы Жәкеннің көршісі болды. Сергей жер сатып алып, онда көкөніс өсіретін жылыжай мен үлкен үй салып алды. Сол кезден бастап көршілері Иван ұлының жылыжайдағы жұмысына көмектесіп, Тася келінінің жанында немерелерін бағуға кіріскен.
Дәулет тура кешкі ас үстіне келді.
– Амансың ба, балам? Қолыңды жуып, жоғары шық, – деп, құшақ жая қарсы алды оны Тася апа. – Жол соққан болар, әлденіп ал.
– Рақмет, Тася апа! Жазира апа тойдырып жіберді, жолға да тамақ салып берді, – деді Дәулет.