Ол үйге келіп, шахматқа қатысты кітаптарын қайта реттеп қойды. Ұзақ уақыттан бері әлем чемпионаттарындағы ойындар жинағын іздестіріп жүретін. Бір сәт мына бір, сонау 1972 жылғы жинақтағы Фишер/Спасский партияларын есіне түсіргісі келіп кідірді. Бұл өзі – ұзақ, тіпті логикаға қиыспайтын ойын. Әсіресе Фишер тарапынан. Бірақ Дәулетке оның осы ойынындағы, басқа да ойындарындағы ұстанымы біртүрлі жақын болатын. Фишердің ойыны адамдық қарым-қатынастың үйреншікті де ыңғайлы логикалық қалпына тың серпін беріп, қосалқы мән үстейтін сияқты көрінетін. Бір жағынан, логиканы бұзып, екінші жағынан, жаңа тәртіп орнататын ұстаным. Сол кезде мұны қалай талдауын білмей, өз ойын атасы мен Олжас ағасына жеткізіп көрді. Олардан басқа ешкімнің талдай алмайтынына да сенімді еді.

Атасы шахмат ойнауды білмейтін, сондықтан Дәулетке шахмат терминдерін қолданбай, партияларды жалпақ тілмен түсіндіруге тура келді. Атасының пікірі Дәулетті қуантты әрі таңырқатты:

– Фишерің өзі тентек екен, Спасскийді қалай болса солай шатастырады. Бала сияқты ойынға беріледі, сондықтан ұтып алады. Ал Спасский байғұс тым байыпты, кемшілігі осында жатыр.

Олжас аға шахмат ойнайтын, бірақ ұзақ партияға шыдамы жетпейтін. Сол себептен Фишер/Спасский ойынын аса жақсы білмеді. Дәулет оған ойынның финалын айтып берді.

– Кімнің ішінде не барын кім білсін, мен өз жолымды табуға тырысамын, – деп қысқа қайырды Олжас ағасы.

Оның бұл пікірі Дәулеттің көңілінен шыға қоймады, тіпті оны атасына жақын адамдардың тізімінен алып тастағысы келді. Бірақ атасы Олжас ағаны жақсы көретін, оны жанкешті деп атайтын. Олжас ағаның белсенділігі мен өмірсүйгіштігін меңзеген болар. Расында, Олжас аға әрбір жұмысқа шын ынтасымен кірісіп, адал ниетпен орындайтын. Ол әлі күнге Астанада мемлекеттік мекеменің басшысы болып қызмет атқарып жүр.

Кенет Дәулеттің бұл ойынды Асқармен талқыламағаны есіне түсті. Неге екен? Мұндай ой басына ешқашан кірмепті де. Екеуінің арасындағы достықтың арқауы неде осы?

Асқар келгенде Дәулеттің пәтерін танымай қалды. Жылтыраған паркет, тап-таза терезе, сөреде қаз-қатар тұрған кітаптар, жиналған төсек-орын. Тек сіңіп қалған қоңырсық иіс пен ескі есік қана кешегі күнді еске түсіргендей.

– Мәссаған! – деді таңданысын жасырмаған Асқар.

– Сенің арқаңда, – деді Дәулет күлімсіреп, – қазір саған кофе дайындап беремін, шкафтан түйіршік кофе мен турканы тауып алдым. Африкада іссапарда жүргенде бір алжирлік ерекше кофе жасауды үйреткен.

– Жарайды, – деді Асқар, – менде коньяк бар.

– Есіңде ме, біз шахматқа барып жүргенде Фишер/Спасский ойынын талқылап едік қой? – Дәулет досына қақпан қоя сөйледі.

– Есімде, сен оны жақсы білетінсің, жаттықтырушы сені мақтайтын, – деп жауап берді Асқар.

Дәулет туркаға екі қасық кофе салып, қайнаған су құйды да, отқа қойды.

– Жоқ, оны айтпаймын. Партиялары есіңде ме? – деді Дәулет.

– Еміс-еміс қана, әйтеуір, сенен қалғым келмейтін, – деп жымиды Асқар.

– Қойшы әрі! – деп мырс етті Дәулет, кофеге бұрыш пен басқа дәмдеуіштер қосып жатып. – Сол ойында сені не қызықтырып еді?

– Ештеңе. Мәселе осында ғой. Саған Фишердің ойыны неліктен ұнайтынын мен түсінбейтінмін. Өзі әлем чемпионы бола тұра, баланың ісін жасайды. Таяуда саясатқа араласа бастады, ал ол тіпті де баланың ісі емес.

– Айтады-ақ екенсің, – деді де, Дәулет кофе құйды.

Қалған коньякты көлікте отырып ішіп, біраз әңгімелескен соң екеуі ұйқыға кетті.

<p>X</p>

Үйге милицейлер кіріп келгенде Асқар қатты қорықты. Олар есікті де қақпай, басып кіргендей болды.

– Асқар Иманқұлов осында тұра ма? – деп сұрады біреуі.

Мамасы сұрланып кетіп:

– Менің баламды қайтпек едіңдер? – деп жауап қайтарды.

– Қанат Бекішевті өлтіріп кеткенін естідіңіздер ме? Балаңызды түнде соның үйінің қасынан көріпті. Мынау балаңыздың аяқкиімі ме? – деп сұрады милицей, есік алдында тұрған бәтеңкені көрсетіп.

Хадиша басын изеді. Милицей бәтеңкені алып, табанын зерттей бастады.

– Иә, естідім. Асқар мен оның бәтеңкесінің не қатысы бар? – деп сұрады мамасы.

– Балаңыз ізін қалдырып кетіпті, – деді ол, бәтеңкені екінші милицейге ұстатып. Екінші милицей оны алып, целлофан қалтаға салды.

– Киініңіз! Балаңызбен бірге бөлімге барасыз, – деп шешті ол бірден.

Милиция бөлімінде Асқарды бір кабинетке кіргізді. Үстел басында азаматтық киім киген адам отыр екен.

– Бұл кім? – деп сұрады ол күзетшіден.

– Бекішевтің өліміне қатысты куәгер. Сіз алып кел дегенсіз.

– Куәгер болса, қолына неге кісен салынған?

– Маған… солай деп айтты.

– Кім айтты? Мына жер не болып кеткен? Шешіңіз кісенді! – деп бұйырды ол.

Сержант Асқардың қолынан кісенді шешіп, үстел басындағы кісіге қарады. Ол қолын сермеп, шыға бер дегендей ишара жасады.

– Сен мұнда отыр, – деді ер адам Асқарға. – Толық аты-жөнің мен туған жылың?

– Иманқұлов Асқар Кәріғұлұлы, сексен бірінші жыл, – деп жауап берді Асқар.

– Он төртке келмегенсің бе?

– Жоқ әлі, келесі жылы маусымда толамын, – деді Асқар.

Ер адам телефонның тұтқасын алып, нөмір терді. Асқар ұзақ қоңыраудан кейін ар жақтан шыққан біреудің дауысын естіді.

– Бұл – тергеуші Шәріпов. Сіз маған кіріп кетіңізші, – деді ер адам.

Перейти на страницу:

Все книги серии Zerde Publishing

Нет соединения с сервером, попробуйте зайти чуть позже